Президент Кубогі қанжығамызда қалды

l26630WRObUШілде айының 8-13 күндері Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында бокстан «Қазақстан Республикасы Президентінің кубогі» ІV халықаралық турнирі болып өтті. Әлемнің ең мықты деген былғары қолғап шеберлері бас қосқан жарыста динамолық боксшылар топ жарып, Қазақстан құрамасы 7 алтын, 4 күміс және 6 қола медаль еншіледі.
Жарысқа Қазақстан командасы үш құраммен шықты. Олардың қатарында динамолық Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы, Әділбек Ниязымбетов, Иван Дычко, Қайрат Ералиев, Берік Әбдірахманов, Теміртас Жүсіпов, Айдар Әмірзақов, Антон Пинчук, Ілияс Сүлейменов, Алмасбек Әлібеков, Рустам Сваев, Дәурен Елеусінов және Нұржан Бекзатов сынды боксшылар болды. Дәстүрге айналған турнирге Куба, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәджікстан, Моңғолия, Филиппин, Украина, Тайланд, Әзірбайжан және Ирак елдерінен келген 106 спортшы қатысты. Ең маңыздысы – бұл турнир бокстан ұлттық құрама үшін алда Кореяның Инчхон қаласында өтетін Азия ойындарына дайындық ретінде есептелді. Әрине, Президент кубогі жолындағы шаршы алаңға шыққан боксшыларымызға бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Себебі сайысқа қатысушылар арасында Кубалық Олимпиада чемпионы Робейси Рамирез бен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ариснодиус Диспэйн; Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, моңғолиялық Цуцгот Нуямбаяр; әзірбайжандық әлем чемпионы Джавид Челебиев; өзбек өрені, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының жүлдегері Теймур Маммадов және әлем чемпионаттарының бірнеше мәрте жүлдегері Жасурбек Латиповтар бар еді.
Көпшілік асыға күткен «Қазақстан Республикасы Президентінің кубогі» ІV халықаралық турнирі басталамай тұрып, ең әуел арнайы баспасөз жиыны өткізілді. Оған «ҚР Президенті кубогінің» супервайзері Валерий Рачков, бокстан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Болат Әбдірахманов, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов және Ресей құрамасының бас бапкері Александр Лебзяк келіп, журналистердің сұрағына жауап берді. KF4Xw2CUh-A
Жиын барысында бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов: «Бұл жарыс біз үшін дәстүрлі түрде Азия ойындарының алдындағы дайындықтың соңғы кезеңі болып отыр. Сондықтан боксшыларымыз үшін Азия ойындарының алдындағы жақсы тәжірибе болмақ», — деген еді. Сондай-ақ, брифингте жүлдегер боксшыларға берілетін қомақты қаржы көлемі айтылды. Турнирдің чемпионына – 4 мың, күміс жүлдегеріне – 2 мың, ал қола медаль иегеріне – 1 мың АҚШ доллары берілетін болды. Осы сәтте сөз алған Ресей құрамасының бас бапкері Александр Лебзяк: «Осындай ақша берілетінін білгенде, өзім де рингке шығатын едім», — деп, көпшілікті бір күлдіріп алды. Ал, турнирдің ашылу салтанатында бокс ардагері Серік Қонақбаев, ҚР Бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаевтың құттықтау хатын оқыса, ҚР Денешынықтыру және спорт істері агенттігінің басшысы Тастанбек Естаев жарысты ашық деп жариялады.
Айта кетейік, «Президент кубогі» турнирі алғаш рет 2006 жылы Астана қаласында өткізілді. Онда 17 елдің боксшылары бас қосып, 8 алтын медаль алған қазақ боксшыларының мерейі барлығынан үстем шықты. 2010 жылы халықаралық турнирді Астана қаласы екінші мәрте қабылдап, тағы да 17 елдің спортшылары келді. Тіпті, әйгілі былғары қолғап шебері Майк Тайсон турнирдің арнайы қонағы болып, боксшылардың ойын өрнегін тамашалаған еді. Бұл жолы 6 алтын медаль алған ел құрамасы, командалық есеп бойынша бірінші орынға табан тіреді. 2012 жылы Алматы қаласында өткен турнирде спортшыларымыз 7 алтын медаль алды. Мінекей, осымен төртінші мәрте өтіп отырған турнирде боксшыларамыз өз жанкүйерлерін жерге қаратқан емес.
OP_dxqJpP3s G4cirp1hgqcЕнді биылғы турнирдегі былғары қолғап шеберлерінің өнеріне келсек, турнирде Қазақстан құрамасы 7 алтын, 4 күміс және 6 қола медаль еншілесе, оның ішінде 6 алтын, 3 күміс және 3 қола медальды динамолық боксшылар алып берді.
52 келі салмақ дәрежесінде рингке шыққан динамолық Ілияс Сүлейменовтің алғашқы қарқыны жақсы болып, жартылай финалға дейін жетті. Бірақ сол сында филиппиндік Рэй Саулардан ұтылып, қола жүлдені місе тұтты. 56 келіде жұдырықтасып жүрген динамолық Қайрат Ералиев үмітті ақтап, алтыннан алқа тағынды. Ол финалда өзінің жерлесі Жанболат Тілегенұлын ұтып кетті. 60 келі салмақта алдына жан салмаған динамолық Берік Әбдірахманов ақтық сында филиппиндік Чарли Суарезді қапы қалдырып, жеңіс тұғырынан көрінді. 64 келіде динамолық Алмасбек Әлібеков қола жүлде алды. Ал, 69 келіде команда капитаны, динамолық Данияр Елеусіновке тең келер ешкім болмады. Финалда жерлесі Сағадат Рахманқұловты жеңген ол, алтын медаль алды. 75 келі салмақ дәрежесінде де жеңіс жолын жалғастырған динамолық Жәнібек Әлімханұлы біріншілік тұғырынан көрінді. Ең қызығы, 81 келі салмақта екі бірдей динамолық боксшы ақтық кезеңде кездесіп, шаршы алаңда кім мықты екенін анықтады. Алайда, Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, қарсыласы Дәурен Елеусіновтен басым түсті. 91 келіге дейін салмақта өнер көрсеткен динамолық Антон Пинчук финалда кубалық Руис Кордовадан жеңіліп, күміс медальді місе тұтты.
Сонымен қатар, 91 келіден жоғары салмақта ел намысын қорғапpreview-big жүрген динамолық Иван Дычко өзінің бабында екенін көрсете білді. Себебі, ол финалдық жұдырықтасуда кубалық Иоранди Тоирак Ортеганы қапы қалдырып, турнирдің чемпионы атанды. Және осы салмақта шаршы алаңға шыққан Нұржан Бекзатов қол жүлдеге қол жеткізді.
Осылайша жалпы есеп қорытындысы бойынша 17 медаль(7 алтын, 4 күміс, 6 қола) еншілеген Қазақстан құрамасы ҚР Президентінің кубогін жеңіп алды. Өзбекстан, Тайланд пен Куба боксшылары тек бір-бір алтын медаль иеленді. Жалпы, спортшыларымыздың бұл жетістігі қазақ бокс мектебінің қарқынды дамып келе жатқанын тағы бір айқындай түсті. Енді әзірге тынығып жатқан боксшыларымыз 5 тамыз күні Түркияға аттанып, сол жақта оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Одан әрі Кореяның Инчхон қаласында жалауын көтеретін Азия ойындары күтіп тұр. Бапкерлеріміз тілге тиек еткендей, ол бәсекеден кем дегенде үш алтын медаль иелену көзделіп отырған көрінеді. Боксшыларымыздың жеңіс жолы жалғаса берсін деп тілейміз.
«Динамо» ДШСҚ ОК баспасөз қызметі