Бүгін елордамыздағы «Дәулет» спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Кубогы үшін жекпе-жектен халықаралық турнир өз мәресіне жетті.
Байрақты додаға Ресей Федерациясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан Республикалары жекпе-жек сайыс шеберлерінің жалпы командалары, сондай-ақ еліміздің Қарулы Күштері, басқа да күш құрылымдарының 13 командасы қатысқан болатын. Боз кілемде 140-тан астам жекпе-жек ұрысының шеберлері тоғыз салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты.
Екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша Ресей Федерациясы Ұлттық ұланының командасы қарсыластарын қапы қалдырып, жеңіске жетті. Ресейліктер осымен екінші мәрте турнир жеңімпазы атанып отыр. Бұған дейін олар 2017 жылы чемпион болған еді. Екінші орынды жалпылай есепте еліміздің Мемлекеттік күзет қызметінің командасы еншілесе, үшінші орынға Ұлттық ұланның құрамасы тұрақтады. Командалық есептегі жеңімпаздарды Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ерлан Тургумбаев марапаттады.
— Бүгін біз турнирдің ақтық кезеңінің көрермендері болдық. Біз жартылай финал және ақтық сындарды көрдік. Спортшылар сайыста жігер танытып, батылдықтары мен қайсар мінездерін көрсетті. Ішкі істер министрлігінің және өз атымнан рухтың күшімен, жақсы дене дайындығының арқасында жеңіске жеткен барлық спортшыларды бұл жетістіктерімен құттықтаймын, — деді Ерлан Тургумбаев.
Жекпе-жек ұрысынан Халықаралық федерациясының Президенті Сергей Астахов Қазақстанда ұйымдастырылатын аталмыш турнирдің деңгейі жоғары екенін айтып өтті. Сондай-ақ, болашақта осы турнир негізінде Әлем чемпионатына іріктеу кезеңін ұйымдастыру жоспары барын сөз етті. Жекелей салмақ дәрежесі бойынша келесі спортшылар жеңіске жетті: 55 келіде – ҚР Қорғаныс министрлігінен Қазбек Сағын, 60 келіде – Ұлттық ұлан жауынгері Әлкен Төлегенов, 65 келіде – РФ Росгвардиясының жауынгері Дмитрий Казыгашев, 70 келіде – өзбекстандық спортшы Шахрудин Абдурахманов, 75 келіде ресейлік Александр Матмуратовқа қарсылас шақ келмеді.
Ресейліктер 80, 85, 90 және 90-нан жоғары салмақ дәрежелерінде де барлығынан басым түсті. Сәйкесінше Нурмухамед Бесланеев, Джамал Ибрагимгаджиев, Роман Копылов және Салимгерей Расулов жеңімпаздар атанды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтар және дипломдармен марапатталды. Росгвардияның өкілі Салимгерей Расулов «Үздік техникасы үшін» номинациясында жеңімпаз атанса, өзбекстандық Адилжон Сирожиддинов қарсыласты тез жеңгені үшін марапатталды. Турнир ұйымдастырушылары Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан және «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамы екенін айтып өткен жөн. Аталмыш турнирдің мақсаты – әскери қолданбалы спорт түрін насихаттай отырып, оны одан әрі дамыту және халықаралық деңгейдегі спортшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе алмасу, халықаралық байланысты нығайту болып табылады. Динамолық спортшылар арасынан турнирдің «күміс» жүлде иегерлері: жекпе-жек ұрысының еңбек сіңірген спорт шебері Берік Шыналиев (55 кг); ұлттық ұланшылар Бауыржан Сұлтанов (60 кг) және Медет Саметаев (85 кг); ҚР МКҚ қызметкерлері Ырысбек Байдуллаев (65 кг) және Айбек Каден (70 кг); тәртіп сақшылары Рахметолла Сатыбалдиев (75 кг) және Теміржан Басақаев (90 кг); МКҚБ қызметкері Жандос Асқарбекұлы (80 кг). Құрмет тұғырының үшінші сатысына ұлттық ұланшылар Нұржан Бекзатов (90 кг-ға дейін), Ерболат Дүйсенбеков (80 кг-ға дейін) және Айбат Жиенбаев (55 кг-ға дейін); МКҚ-нен Дәулет Имаханов және полицей Мирас Шантасов (90 кг-ға дейін); тәртіп сақшысы Қуандық Есенеев (85 кг-ға дейін); Аслан Мұқашев (75 кг-ға дейін) және МКҚ-нен Бағдаулет Зейнулла (60 кг-ға дейін); Ұлттық ұланшы Сауран Арапбай және ҚР ҰҚК ШҚ-нен Шыңғыс Жанғазы (65 кг-ға дейін).