Қарағанды сақшыларының қос қуанышы

Жуырда Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев жаңартылған «Динамо» спорт кешенін салтанатты түрде ашты. Спорт кешенінің күрделі жұмысына облыс әкімінің қолдауымен бюджеттен 36 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. Салтанатты шараға спортшы-полицейлер, «Динамо» денешынықтыру және спорт қоғамы орталық кеңесі төрайымының орынбасары, отставкідегі полковник Әсет Ақанов және ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.

«Динамоның» спорт залы құқық қорғау органы қызметкерлерінің денешынықтыру сабақтарын өткізуге арналған бірден-бір кешен. «Мұндай шаралардың мақсаты – қызметкерлерді тек спортқа баулу ғана емес, денсаулығы мықты полицейлерді қалыптастырумен қатар, ерік-жігері мықты, өзіне сенімді қызметкерлерді тәрбиелеп шығару. Барлық қажетті спорттық құралдармен жабдықталған спорт кешені спортшы-полицейлердің жеткен жетістіктеріне себепкер болып табылады», – деді өз сөзінде Қарағанды облыстық ІІД бастығы, полиция полковнигі Мергенбай Жаппаров. Шара барысында «Арлан» және жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері жиналған қауымға қоян-қолтық ұрыстың әдіс-тәсілдерін көрсетті. Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев тәртіп сақшыларына 135 миллион теңге тұратын жаңа 48 автокөліктің кілтін табыстады. «УАЗ», «Lada», «Skoda Rapid» маркілі темір тұлпарлар Мемлекет басшысының ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту туралы тапсырмасын орындаудың айқын бір көрінісі болып табылады. Осы орайда айта кетейік, бүгінгі таңда Қарағанды облысының әкімі Б.Әбдішевтің қолдауымен полиция қызметінің материалдық-техникалық базасы толықтай жаңартылған. Соңғы екі жылда ішкі істер органдарының автопаркі 110 көлікпен толығып, ағымдағы жылы автопарктің қызметіне 560 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Облыстың бас полицейі, полиция полковнигі Мергенбай Жаппаров қолдау көрсеткені үшін облыс әкіміне алғысын білдіріп: «Ішкі істер органдарының негізі міндеті қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылғандықтан, автокөліктер тиісті қызметтерге бөлінеді. Темір тұлпарлар полиция қызметінің жұмысын жетілдіруде үлкен рөл атқаратын болады. Облыстағы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бар күш-жігерімізді саламыз», – деді.

SONY DSC SONY DSC