Атырау қаласында маусым айының 18-19 күндері «Динамо» ДШСҚ орталық кеңесінің ІІІ Спартакиадасы аясында қоян-қолтық ұрыстан ҚР ІІМ-нің чемпионаты өтті. Оған еліміздегі күштік құрылымдардан 8, ал республикалық ІІД-нен жиналған 17 команда қатысып, барлығы 211 спортшы өнер көрсетті.
Сайыстың ашылу салтанатында сөз алған «Динамо» ДШСҚ төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов, спортшыларға жетістік тілеп, жарыстың әділ әрі қызғылықты өтуі ең маңызды іс екенін айтты. Ал, одан кейін құттықтау сөз сөйлеген Қоян-қолтық ұрыс федерациясының вице-президенті, «Динамо» ДШСҚ Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Темірханов, бұл сайыстың өзге чемпионаттан ерекшелігіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл біріншілікте халықаралық санаттағы 6 спорт шебері, еліміздің 35 спорт шебері, сондай-ақ, 48 спорт шеберлігіне үміткер бақ сынаған. «Бұл дегеніміз біз үшін үлкен жетістік. Себебі, Қазақстан Кубогы мен чемпионатында да осындай толық құрам бола бермейді. Бұлардың барлығы ел іші ғана емес, халықаралық жарыстарда да ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылар. Сондықтан біз оларды әрқашанда мақтан тұтамыз», — деді Дәулет Темірханов.
Жарыстың алғашқы күнінде спортшылар қарсыласы пышақ немесе тапанша кезеніп тұрған сәтте оған қолданар әдіс-тәсілін, сонымен қатар қарсыласты тұтқындау және босату кезіндегі айласын көрсетіп, шеберліктерін паш етті. Өйткені, күштік құрылымдар арасындағы қоян-қолтық ұрысы өзге жарыстардан осы кезең арқылы ерекшеленіп тұрады.
Тағы бір айтып өтеріміз, қазіргі уақытта «Динамо» орталық кеңесінің ІІІ Спартакиадасы леміз бойынша сегіз спорт түрінен өтіп жатыр. Мысалы, Астана қаласында волейболдан ҚР Ішкі істер министрінің Кубогы жолындағы жарыс болса, Қарағандыда самбодан, Қызылорда қаласында футболдан, Шығыс Қазақстан облысында көпсайыстан турнирлер өту үстінде. Ал, осы жолы қоян-қолтық ұрыстан Атырау қаласында жалауын көтерген чемпионатта ІІМ-нің әр түрлі бөлімшелерімен қатар, ҚР Президентінің күзет қызметі, Ұлттық Гвардия, ҚР ҰҚҚ шекара қызметі, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің командалары бар. Екі күнге созылған байрақты бәсекенің қорытындысы бойынша, командалық есеп бойынша ҚР ІІМ-нің командасы біріншілік тұғырына көтерілді. Айта кетелік, бұл команда спортшылары осымен екінші жыл қатарынан бірінші орыннан көрініп келеді. Екінші орын – Ұлттық Гвардияға, үшінші орын – Мемлекеттік күзет қызметіне бұйырды. Ал, аймақтардан келген ІІМ-нің командалары өзара екің топқа бөлініп сайысқа түсті. Бірінші топтан ОҚБ ІІД үздік шықса, Қарағанды облыстық ІІД екінші, Алматы қалалық ІІД үшінші орын алды. Екінші топтан бірінші орын – Маңғыстау облыстық ІІД-не, екінші орын – Жамбыл облыстық ІІД-не, үшінші орын – ІІМ Көліктегі ІІД-не бұйырды.