Қарағандыда үш күн бойы «Жастар» спорт кешенінің боз кілемінде тәртіп сақшылары қызу тартысты бәсеке өткізді. Тәртіп сақшылары мен күштік және басқа да арнайы құрылымдардың өкілдері қоян-қолтық ұрыстан «Динамо» ДШСҚ-ның VIII ведомствоаралық спартакиадасының біріншілігінде, ҚР ІІМ дәстүрлі чемпионатында бақ сынасты.
Жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен келген полицейлер ғана емес, сонымен қатар МКҚ, МКҚБ қызметкерлері, ҚР Қорғаныс министрлігінің, ҚР Ұлттық ұланының, сондай-ақ ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілері қатысты. Олар тоғыз салмақ дәрежесінде сынға түсті.
Салтанатты ашылу рәсіміне Қарағанды облысының құқық қорғау органдарының, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылары, республикалық спорт ұйымдарының өкілдері, Ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.
— Осы жылы динамолық спартакиаданың күштік және арнайы құрылымдардан алты команда қатысса, Ішкі істер министрлігінің біріншілігіне 18 команда ат салысты. Жалпы, үздік атағы үшін 188 жауынгер күресті. Спортшылар құрамы мықты болып шықты: олардың ішінде халықаралық дәрежедегі 5 спорт шебері, 45 спорт шебері және 20-дан астам спорт шеберіне үміткер болды. Бұл турнир сегізінші жыл өткізіліп отыр және өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ол – біліктілік турнирі борлып есептеледі. Өз санаттарында бірінші орын алған спортшылар шеберлер атағын алады, – деп атап өтті бас төреші Әділ Қайырбаев.
Бәсеке мәресінде спортқа деген құштарлық арта түсті, күрес тартысты өтті. Олар өздерінің спорттық шеберліктерін байқатып, жеңіске деген жігерлерін көрсете білді. Белдесу аса қызықты болды. Мәреге де келіп жеттік. Төрешілер қорытынды шығарды. Командалар арасында ҚР ІІМ құрамасы алға суырылып шықты. Екінші жүлделі орынға ҚР ІІМ МКҚБ командасы ие болды. Ал үшінші орынды ҚР Ұлттық ұланының спортшылары иеленді.
«Динамо» спартакиадасында қарағандылық қоян-қолтық шеберлері жеңіске жетті. Өткен жылдағыдай, құрмет тұғырының екінші сатысына елордалық тәртіп сақшылары көтерілді. Үшінші жүлделі орынға атыраулық полицейлер ие болды.
+90 кг ауыр салмақтағы жеке біріншілікте әлем чемпионатының қола жүлдегері Жеңіс Ердәулет жеңіске жетті; 90 кг салмақ дәрежесінде полицей Нұртас Жұмағазыұлы чемпион атанды. Чемпионатта бірінші орынды Ұлттық ұланшы Дәулет Дархан (80 кг), әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ҚР ІІМ қызметкері Айдын Төлепбаев (75 кг), тәртіп сақшылары Бауыржан Күмісқалиев ( 70 кг), Дәуіржан Сайлыбаев ( 65 кг), Мерей Жұбанов ( 60 кг) және Нұрсұлтан Көшегұлов ( 55 кг) иеленді. Біздің облыста кезекті рет ірі спорттық іс-шараны қабылдағанымыз қуантады, Спорт жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызды бөлігі болып табылады. Балалар жекпе-жекпен шұғылданады, бұл өз кезегінде болашақта сау және мықты жас буын өкілін алуға мүмкіндік береді. Осы чемпионаттың салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал ететініне күмәнім жоқ. Қоян-қолтық ұрыс құқық қорғау және күш құрылымдары қызметкерлерінің жауынгерлік және дене шынықтыру дайындығы жүйесіне кіреді. Ол өзін-өзі қорғау дағдыларын қалыптастырып қана қоймай, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін адамдарды залалсыздандыру тәсілдерін де қалыптастырады.
Сондай — ақ, турнир барысында түрлі бөлімшелердің қызметкерлері арасында достық қарым-қатынас нығая түседі, – деді Қарағанды облысы Полиция департаменті басшысының орынбасары полковник Ерік Мақанов. Ол турнирге ҚР ІІМ-нің барлық бөлімшелерінде, сондай-ақ басқа да күштік және арнайы құрылымдарда өз ведомствасының абыройын лайықты қорғауға қабілетті үздік жауынгерлерді анықтау мақсатында алдын ала іріктеуге арналған аймақтық жарыстар өткізілгенін атап өтті. Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері командалық есепте де, жеке сынақта да «Динамо» ДШСҚ және ҚР ІІМ кубоктарымен, медальдарымен, дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Санкт-Петербургте өткен қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионатында ҚР құрамасы әлемдегі ең мықты деген атақты растады. Ол 33 қатысушы елдің арасында жалпы командалық екінші орынды иеленіп, 21 жүлдені жеңіп алды. Есте қаларлығы, осы спорт қоғамының қоян — қолтық ұрыс секциясының динамолық спортшылары мен жаттықтырушылары, құқық қорғау қызметкерлері құрама қоржынына 17 медальді салды.