Қазақстандық мергендер Кувейттен олжалы қайтты. Онда оқ атудан 28 ақпан мен 10 наурыз аралығында халықаралық турнир өткен болатын. 39 елдің спортшылары қатысқан бұл байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған 14 спортшының 10-ы «Динамо» спорт қоғамының өкілдері болды.
Олардың арасынан пневматикалық тапаншадан оқ атуда Рашид Юнусметов, МВ-9 жаттығуы бойынша Александра Малиновская алтыннан алқа тақты. Александра сондай-ақ келесі бір жаттығу бойынша Александр Ермаковпен бірге ел қоржынына түскен күміс медальдің де иегері атанды. Ал қола жүлдені Зәуреш Байбосынова мен Владимир Исаченко салды.
«Өткен жылы тұңғыш рет өткен бұл турнирден біздің спортшылар 4 медальмен оралған еді. Биылғы жарыста спортшыларымыз өз көрсеткішін одан жақсартып, бір қадам алға жылжыды. Бізде ашық аспан астында ату алаңдары жоқтығына қарамастан спортшыларымыз ауа райының қолайсыздығына қарамастан ел намысын абыроймен қорғап шықты», — дейді аға жаттықтырушы Константин Малиновский. Оның айтуынша, Халықаралық оқ ату федерациясы биылдан бастап жарыстарға жаңа ережелер мен тәртіптер енгізген болатын. Онда қаруды тексеру жағы қатайтылып, ақтық жаттығу бөлімін өткізудің болмысы өзгертіліп отыр. Бұрын ақтың сында спортшылардың оған дейін жинаған ұпайлары есепке алынса, енді ақтық сында кім көп ұпай жинаса, сол жеңімпаз аталады», -дейді аға жаттықтырушы. «Динамолық» білікті бапкердің сөзіне қарағанда, спортшыларды алда енді Азия чемпионаты мен Бүкіләлемдік универсиада ойындары күтіп тұр. Ал алғашқы олимпиадалық жолдамалар сарапқа салынатын Әлем чемпионаты 2014 жылы өтпек.
Ерлік Ержанұлы, 13 наурыз, ҚазАқпарат