Қазақтың қайсар қызы

Назым Қызайбай жас та болса қазақ спортының тарихындағы даңқты былғары қолғап шебері. Ол – қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. 2014 жылы Оңтүстік Корея төрінде қаршадай ғана қазақтың қайсар қызының көк туымызды желбіретіп, чемпион атанған сәті әлі күнге дейін жадымызда.

Өзінің ғана емес, қазақ халқының мерейін асырған спортшы қызымыз жақында ғана «Динамо» ДШСҚ-на келіп қайттыӨзінің ғана емес, қазақ халқының мерейін асырған спортшы қызымыз жақында ғана «Динамо» ДШСҚ-на келіп қайтты. Бұл «Динамо» ұжымы үшін үлкен тарту десек те болады. Бапкері Жұмабек Өмірзақовпен бірге келген боксшы «Динамо» ДШСҚ-ның басшылығымен әңгіме-дүкен құрып, болашақ жоспарлары жайында да сыр шертті. Назым Қызайбайды өткен 8-наурыз мерекесімен құттықтаған «Динамо» ДШСҚ төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов: «Жақында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болдың. Бұл сен үшін де, «Динамо» спорт қоғамының ұжымы үшін де үлкен қуаныш. Біз сені мақтан етеміз. Өзің секілді спортшылар әрқашан біздің  даңқымызды асырады», — деп, спортшыға алдағы күндері жеңіс тіледі.

Расында да, биылғы Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен өткен кездесуге шақырылған қыз-келіншектердің қатарында Назым Қызайбай да бар болатын. Сол кезде спортшының келешегіне ақ жол тілеген Президентіміздің: «Назым Қызайбай – Қазақстанның әйелдер боксы тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы. Мынадай чемпион қыз ұрса не боласың? Елестетіңдерші. Былтыр Оңтүстік Кореядағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Халықаралық спорт шебері, жарайсың! Жассың. Әлі де жеңістерге жетеді деп сенеміз», — деген баталы сөзі спортшыға қанат бітіріп, алға жетелейтіні ақиқат. Өз кезегінде Назым Қызайбай: «Қазақстандағы әрбір спортшының жеңісі – бұл біздің алаңсыз спортпен айналысуға барлық жағдайды жасаған Елбасының жеңісі. Сондықтан да, шаршы алаңдағы әрбір жеңісімді Сізге арнаймын», — деді. Спортшының болашақ жоспарлары жайында айтып өткен бапкер Жұмабек Өмірзақов: «Назым 2008 жылы мектеп-интернатқа қабылданғаннан бері менің тәлімімді алып келеді. Алғаш «Динамо» ДШСҚ-да көргеннен-ақ ептілігімен, шапшаңдығымен көзге түскен ол өте еңбекқор. Биылғы алғашқы жоспарымыз сәуір айында өтетін Қазақстан спартакиадасынан басталады. Басты мақсатымыз келер жылы елімізде өтетін әлем чемпионатында Олимпиада ойындарына берілетін жолдамаға қол жеткізу», — деп атап өтті. Әрине, былтыр әлем чемпионатынан оралғаннан кейін сұхбат берген спортшының өзі де: «Салмағымды көтеріп, 2016 жылғы Олимпиадаға дайындаламын. Ендігі мақсатым – Олимпиада чемпионы атану», – деген болатын. Себебі, Олимпиада ойындарында әйелдер арасындағы бокста 51, 60 және 75 келіге дейінгі үш салмақта ғана жүлделі орын сарапқа салынатыны белгілі.

Сонымен қатар «Динамо» ДШСҚ-да өткен әңгіме барысында біз Назымның бапкері Жұмабек Өмірзақовқа: «Назым қазір елге танымал. Әр күн сайын түрлі кездесулерге шақырып жатады. Бұл спортшыны босаңсытып жібермей ме?», – деген жанашырлық сұрақ қойғанбыз. Бірақ, сөзін салмақпен жеткізген бапкер дайындық үшін ешқандай кедіргінің жоқтығын, барлығының белгіленген тәртіп жүріп жатқандығын айтты.