Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан әйелдер арасында динамолық спортшы Жазира Жаппарқұл күміс жүлде иеленді. Дүбірлі додада 69 келі салмақ санатында бақ сынаған жерлесіміз осылайша қазақ қыздары арасынан тұңғыш рет Олимпиада ойындарының күміс жүлдесін қанжығасына байлады.
Жерлесіміз жұлқа көтеру сайысында 115 келіні бағындырып, екінші орынға табан тіреді. Алғашқы екі мүмкіндігін мүлт жібермей, 111 және 115 келіні көтергенімен, үшінші жаттығуда 117 келі салмақты бағындыра алмады. Нәтижесінде қарсыласы қытайлық Сян Яньмэй 116 келімен көш бастап кетті. Ал екінші серпе көтеру сайысында Жазира алғашқы екі мүмкіндікте 140 келі салмақты еңсере алмай, соңғы үшінші мүмкіндікте 144 келіні басынан асыра көтерді. Қоссайыстың қорытындысы бойынша 259 келі салмақты бағындырған Жазира Жаппарқұл Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. Чемпиондық атақ екі сайыста 261 келі көтерген қытайлық Сян Яньмэйге бұйырса, мысырлық Ахмед Сара қола медальді місе тұтты.
Жазираның жарқын жеңісі – қазақ халқының жеңісі! Олимпиада ойындарынан кейін өз әсерімен бөліскен ол: «Олимпиада «күмісі» – бұл тұтас еліміздің жеңісі. Мен үшін тақымын қысып үйде отырған халқыма алғысым шексіз. Ата-анама ризамын. Қазақстанға Олимпиада медалін сыйлағаныма қуаныштымын! Қазақстанда мені «күміс қыз» деп атап кетті. Риода «алтын» алып келуіме тілекшілер көп болды. Алайда, «алтынға» сәл жетпей қалдым. Әдетте жаттығулар барысында 120-135 келіге дейін көтеріп жүрдім. Жарыста да дайын екенімді сездім, бірақ бірдеңе жетпей қалды. Токиодағы додадан Қазақстанға алтын медаль алып келемін деп үміттенемін», — деді. Тіпті, келесі Олимпиада ойындарында алтын аламын деп уәде берген жерлесіміз: «Менің бұл Олимпиададан алтын алам деген жоспарым болған еді. Бірақ ол бұйырмағандықтан, қазір тұрмысқа шықпаймын (күлді). Алтын медаль алғасын тұрмыс құрамын! Келесі жылдан бастап, салмақ өзгереді. Оның қандай болып өзгеретіндігі алдағы уақытта белгілі болады. Бапкерлермен ақылдасамыз», — деп, алтын медаль жолында аянбай еңбек ететіндігіне сенім білдірді.
Жазира Жаппарқұл 1993 жылы 22 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген. Ол үйдегі жеті қыздың кенжесі. Алғаш рет сегіз жасынан бастап жаттығу залына келеді. Оның алғашқы халықаралық жүлдесі ретінде 2010 жылы Сингапурде өткен жасөпірімдер арасындағы жазғы олимпиададағы меделін айта аламыз. Ол бұл жарыста 63 келі салмақ дәрежесі бойынша алтын медаль иеленді. 2012 жылы Гватемалада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде де чемпион атанды. 2013 жылы Мьянмадағы жастар арасындағы Азия чемпионатында 20 жастағы Жазира штанганы жұлқа және серпе көтеруде 232 келіні бағындырып, күміс медаль алды. Сонымен қатар 2014 және 2015 жылдардағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері.