ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ШЕБЕРЛЕРМЕН БОЗ КІЛЕМДЕГІ БЕЛДЕСУ

Ағымдағы жылдың 6-9 ақпаны аралығында Атырау қаласында ерлер мен әйелдер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Бұл чемпионатта өз бақтарын сынауға республикамыздың түкпір түкпірінен 16 команда қатысып, 450-ден астам спортшылар бой көрсетті. Аталған мықтылардың арасында Қостанай облысының атынан сынға түсуге Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының курсанттары да сап түзеді. Бұл бір аламан дода өз желісінде жоғарғы дәрежеде ұйымдастырылғаны сайысымыздың ауқымдылығынан және де білекті де жүректі палуандарымыздың құлшынысынан байқалып тұрды.

Спортшылар алаң төрінде жайылған боз кілемде бел сыбана белдесті. Ер жігітке жеті өнер де аз демекші, ел алдындағы адал борышы мен оқуын және спортын да қатар алып жүрген біздің бірегей дарынды курсанттарымыз әдеттегідей бұл жарыста да шетте қалмады.

Сайысымыздың барысында спортшыларымыз өз өнерлерін көрсетіп, 57 келі салмақ дәрежесінде 3-курс курсанты Бәшір Ғасырбек үш айнылымға дейін қарсыластарын уақытынан бұрын ойсырата жеңіп, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атағына ие болған Атырау қаласының спортшысына ұпай санымен соңғы сәтте дес берді. Сондай-ақ «Жоғары спорт шеберлігі мектебінің» палуаны, шәкіртіміз Талғат Жиентаев жарыстың күміс жүлдегері атанды. Осы додаға қатысқан біздің өрендеріміз Әлем чемпионы атағын иеленген жүлдегерлермен тең келеді десек те қателеспегеніміз. Олай болса, біздің спортшыларымыз биік – биік шыңдарды бағындырады деген сенімнен арылмайық.