Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында мамырдың13-15 күндері дзюдодан Гран При жарысы өтті. Онда әлемнің 80-нен астам елінен ат терлетіп келген 400-ге тарта дзюдошы бақ сынады.
Байрақты бәсеке басталған күні Алматы қаласында салтанатты түрде еліміздегі тұңғыш Дзюдо Академиясы ашылды. Оған Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Халықаралық Дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер, Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Данияр Абылғазин және ҚР Дзюдо федерациясының президенті Кеңес Рақышев қатысты. Салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек: «Халықаралық стандартқа сай салынған академияның елімізде ашылуы – біз үшін үлкен жетістік. Мұндай шара бізде алғаш рет өтуде. Бәсекеге қабілетті ұлт – бұл халықтың денсаулығы. Сондықтан біз қаламызда жалпы спорт түрлерінің дамуына қолдау көрсетуіміз керек», — деп, байрақты бәсекелердің өз жерімізде жалауын көтеруі игі істің бастамасы екеніне тоқталды. Сондай-ақ, Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер: «Әлемде болып жатқан дағдарысқа қарамай, спорттың қарқынды дамуы көңіл қуантады. Академияның ашылуы спортты дамытып қана қоймай, олардың деңгейін көтеріп, әлемдік рейтингте көшбасшылар қатарына жетелемек», — деп, қазақстандық әріптестеріне жылы лебізін білдірді. Ал ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасы атынан ҚР ұлттық құраманың бас төрешісі Ермек Имамбековке құрмет грамотасын тапсырды. Естеріңізге сала кетсек, Спорт кешенінде төрт татамиге арналған зал, жаттығу залы, 100 орындық жатақхана мен асханасы орналасқан. Онда Қазақстан ұлттық құрамасымен қатар, жас дзюдошылар да жаттығатын болады. Академияда халықаралық жаттығу жиыны, семинарлар мен шетелдік мамандармен бірлесе әр-түрлі шеберлік сабақтары ұйымдастырылатын болады.
Ендігі сәтте Балуан Шолақ сарайында шымылдығы түрілген сайысқа тоқталсақ, жарыстың бірінші күні ерлер 60, 66 келіге дейінгі салмақта, қыздар 48, 52 және 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде татамиге шықты. Ерлер құрамасында 60 келіде Рустам Ибраев финалға жолдама алып, қарсыласы Манзи Элиосудан айласын асыра алмай, екінші орын алды. Өкінішке орай, Асхат Тельманов пен Айбек Имашев өзбекстандық дзюдошылардан жеңіліп, бесінші орындарды місе тұтты. Айта кетерлігі, бұл салмақ дәрежесінде жастар құрамасынан шыққан Қылыш Еренғайыпов айтарлықтай нәтиже көрсетіп, жетінші орынға орналасты. Сонымен қатар, 66 келідегі Жансай Смағұлов жапондық Маруями Жошариомен финалда кездесіп, есе жіберді. Елдос Жұмақанов болса, Италия спортшысы Басиле Фабионы жеңіп, қола жүлде иеленді. Жалпы командамыздағы алтын медальді 48 келіде сынға түскен Галбадрах Отгонцецег қоржынымызға салып берді.
Жарыстың екінші күнінде ерлер 73 және 81 келіде, қыздар 63, 70 келіде белдесті. 73 келіде Дидар Хамза жартылай финалда есе жіберіп, қола үшін болған таласта моңғол балуаны Санжаргал Ниам-Очиромнан басым түсті. Өкінішіке орай, әйелдер арасында екінші күні медаль болған жоқ.
Жарыстың үшінші күні қазақ құрамасынан ерлер арасында 90 келіде Дәулетхан Жақыпов көрермендер көзайымына айналды. Ол қола жүлдеге жақын еді, алайда словениялық Михайл Зганктан ұтылып бесінші орынға тұрақтады. Ал, қыздар арасында 78 келіге дейінгі салмақта Альбина Амангелдиева күміс жүлдегер атанды. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан жүлде қоры жөнінен төртінші орында тұр. Қоржынымызда бір алтын, үш күміс және екі қола.
Сонымен Халықаралық дзюдо федерациясы жариялаған рейтинг бойынша Рио-де-Жанейро Олимпиадасына 5 қазақстандық дзюдошы жолдама алып отыр. Олар: Елдос Сметов (60 келі) – 4 орын, Жансай Смағұлов (66 келі) – 17 орын, Максим Раков (100 келі) – 20 орын, Галбадрах Отгонцецег (48 келі) – 3 орын және Мариан Ордабаева (63 келі) – құрлықтық квота. Осылардың ішінде әйелдер құрамасындағы Галбадрах Отгонцецегке тоқталсақ, ол 2015-2016 жылдардағы ең медалі көп спортшы есебінде үздіктер көшін бастап тұр. Бір жыл ішінде 14 жарысқа қатысып, 5 алтын, 1 күміс, 4 қола жүлде иеленген.