Қаршаның 21-і күні Астана қаласындағы «Динамо» спорт кешенінде «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамының 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті. Тарихы сонау 1925 жылдан бастау алатын іргелі спорт қоғамының 90 жылдығына арналған үлкен той 18-ші қыркүйек күні Алматы қаласында бастау алған еді. Астана төріндегі бұл шара сол торқалы тойдың жалғасына айналды.
Әсілінде «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамы құрылған күннен бастап, оның негізгі қызметі ішкі істер органдарының, құқық қорғау органдарының, шекара әскерлері мен ұлттық гвардия қызметкерлерінің физикалық және арнайы дайындықтарын дамыту және жетілдіру, халықаралық және олимпиадалық қозғалыстарға қатысу болып табылады. Осы бағытта талай қадау-қадау істер атқарған «Динамо» спорт қоғамының 90 жылдық мерейтойының Астана төрінде жалғасуы – тойдың көркін қыздырып, динамолық спортшылар мен ардагерлерді бір серпілтіп тастады. Ал шараға қатысу үшін құқық қорғау органдарының басшылары, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Халқы Ассамблеясы, Астана қаласының әкімдігі мен өзге де министрліктің өкілдері келіп, динамолық әріптестерін 90 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Салтанатты кештің ашылу рәсімінде ең әуелі әнұранымыз ойналып, оң қолын жүрек тұсына қойған динамолықтар әнұранды қосыла шырқады. Одан кейін сөз алған Астана қаласы ІІД бастығы, генерал-майор, «Динамо» ДШСҚ Астана қалалық филиалының төрағасы Амантай Әубәкіров: «Құрметті динамолық әріптестер, споршылар мен спорт ардагерлері! Тарихы терең қазақ халқының Тәуелсіздік алған жылдан бері қарай қоғамның әр саласында бағындырған белесі ұшан теңіз. Соның бірі – спорт саласы. Жыл өткен сайын қазақ спортының әлеуеті артып, отандық спортшылар дүбірлі дода мен Олимпиада ойындарында жасындай жарқырап жүр. Бұл – қазақтың қуанышы, еліміздің мерейі. Сол жеңісімізді еселеп, әлемдік спорт аренасындағы орнымызды нықтау жолында 90 жылдық мерейтойы атап өтілгелі отырған «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамының рөлі ерекше. Қазақ спортының қара шаңырағы іспетті «Динамо» спорт қоғамы құқық қорғау органдары мен күштік құрылым қызметкерлерінің де басын біріктіріп, салауатты өмір салтын насихаттау бағытында күллі қазақ қоғамына жол сілтеп келеді.
«Динамо» спорт қоғамының ұжымы мен даңқты динамолық спортшылар әркез ел үшін қызмет қылып, қазақтың қажеті үшін еңбек етуге әзір.
Сондай-ақ, биылғы жыл қазақ халқы үшін береке мен бірлікке толы жыл болып отыр. Ел көлемінде Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесін атап отыр. Мұндай ауқымды шара қатарында ҚР Коституциясының 20 жылдығы, Қазақстан Халықтары Ассамблеясының 20 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жылдық мерей тойы тұр. Мұның барлығы – қазақ қоғамының болашаққа нық қадам басып, ілгері жылжығанының айғағы. Той құтты болсын ағайын, жеңіске бірге жетейік!», — деп өз ойын түйіндеді.
Сонымен қатар, шараның басым бөлігінде спорт ардагерлері мен «Динамо» спорт қоғамының дамуына өлшеусіз үлес қосқан қоғам мүшелерін марапаттай рәсімі жүргізілді. Сондай-ақ, Астана қаласының құқық қорғаушыларының арасында өткен Спартакиада жеңімпаздары марапатталды. Мәселен, Көліктегі ІІД ұжымы үшінші орын иеленсе, Астана қалалық ІІД командасы екінші, ҚР Ұлттық Ұланы командасы бірінші орын иеленді. Барлық жеңімпаздарға аранйы кубок пен диплом табыс етілген марапаттау шарасын «Динамо» ДШСҚ Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов жүргізді.
Әрине, «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамының Астана қалалық филиалы «Динамо» спорт қоғамының дамуына ерекше үлес қосып келе жатқан ең жас ұйым болып саналады. Онда 300-ге жуық жас динамошыл жаттығатын күрес, дзюдо, қоян-қолтық ұрыс, таэквандо, бокс, каратэ, жүзу, су полосы секциялары жұмыс жасайды. Сондықтан осы керемет мерекеге өз ағаларын құттықтауға жас динамошылар да келіп, өздерінің өнерлерін ортаға салды.
Салтанатты кештің соңында қонақтар естелік суретке түсіп, арқа-жарқа әңгіме барысында «Динамо» спорт қоғамының болашағына зор сенім білдірді.
«Динамо» ДШСҚ
баспасөз қызметі