Азия ойындарында олжа салатын оғландар

атлет 3Алматыда ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы, әлемнің бес дүркін рекордшысы Анатолий Храпатыйды еске алуға арналған турнир аяқталды. Аталмыш бәсекеге ауыр атлетикадан ұлттық құраманың барлық мүшелері қатысты. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары да болды. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған турнирдің басты жаңалығы –еліміздің үш рекорды жаңартылды.
Даңқты зілтемірші Анатолий Храпатыйды еске алу турнирінің ерекшелігі – осы сайыста алдағы екі айдан кейін Кореяда басталатын Азия ойындарында ел намысын қорғайтын спортшылар іріктелді. Одан кейін еліміздің ауырт атлетшілерін қараша айында өтетін әлем чемпионаты күтіп тұр. Ең қуанышытысы, Азия ойындарында өнер көрсететін зілтеміршілердің барлығы динамолық спортшылар.
Турнир қонақтары жарыс барысында өздерінің сүйікті спортшылары – динамолық Илья Ильин, Майя Манеза, Зульфия Чиншанло, Светлана Подобедова және Вячеслав Ершовпен кездесіп, мәз-мейрам болды. Бірақ, бұл турнирге Майя Манеза, Светлана Подобедова мен Владимир Седов қатыспады. Олар негізгі күштерін алдағы әлем чемпионатына сақтап отыр. Сондай-ақ, осы турнирде бірінші орын иеленген Зульфия Чиншанло Кореяның Инчхон қаласында болатын Азия ойындарына барады.
Енді сайыс барысына тоқталсақ, ерлер арасындағы тартыс өте қызғылықты өтті. Себебі, 105 келіден жоғары салмақ дәрежесінде зілтемір көтерген екі бірдей динамолық спортшы үш рет Қазақстанның рекордын жаңартты. Мәселен, Алматы облысының өрені Ибрагим Берсанов жұлқа көтеруден 197 келіні бағындырды. Бұған дейінгі 195 келі болатын рекордты 2012 жылы динамолық Сергей Истомин орнатқан еді. Ал, екі сайыс қорытындысы бойынша 429 келіні басынан асыра көтерген Ибрагим Берсанов ел рекордын тағы да жаңалай түсті. Мұның алдындағы көрсеткіш – 420 келі болатын.
Ал, халықтың көзайымына айналған динамолық спортшы, екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин серпе көтеруден 239 келіні бұйым құрлы көрмей, рекорд жасады. Осылайша төрт жыл бұрын Магомед Абуев көтерген 233 келіден асып түсті. Өкінішке қарай, турнир қорытындысы бойынша Илья Ильин тек күміс медальға қол жеткізді. Алтын алқа Ибрагим Берсановтың қанжығасында кетті. Алайда, ол туринир барысында өте көңілді жүрді. Өз нәтижесіне риза болғандай көңіл-күй білдірді. Өйткені, спортшымыз екі жылдан бері дүбірлі додаларға қатысқан емес. Қазір құрыштай шыныққан екі дүркін Олимпиада чемпионы, қараша айындағы әлем чемпионатына дайындық жасауда. Сондықтан ол Азия оындарынан тыс қалады. Біз даңқты спортшымыз әлем біріншілігінде ел абыройын арттырып, Қазақстан қоржынына алтыннан олжа салады деп сенеміз. Тағы бір қосарымыз, Анатолий Храпатыйды еске алу турнирінде Илья Ильиннің екінші орын алып қалуының да өзіндік сыры бар. Себебі, бұған дейін 94 келіде бақ сынап жүрген спортшымыз, осы жолы 105 келіден жоғары салмақта өнер көрсетті. Жұлқа көтеруде 185 келіні бағындырған ол, жалпы екі сайыстың қорытындысы бойынша 424 келіні көтерді. Бірінші орын иеленген Ибрагим Берсановтың нәтижесіне 5 келі жетпей қалды. атлет 2
Осы салмақ дәржесінде үшінші орын алған Селімхан Әбубәкіров – турнирдің тың жағалығы болып табылды. Небәрі 17 жастағы динамолық спортшы жұлқа көтеруде 190, серпе көтеруде 230 келіні бағындырды. Мамандар, жас спортшының болашағы зор деп баға беріп отыр. Демек, ел арасында Анатолий Храпатый, одан бері екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильиннің ізін басатын толғайлар өсіп-жетіліп келеді.
Турнирден кейін біздің газетімізге арнайы сұхбат берген ауыр атлетикадан ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни, алдағы жоспарларымен бөлісті. Бапкердің айтуынша, Азия ойындарынан ауыр атлетшілеріміз 6 медаль еншілеуді көздеп отыр. «Оның ішінде үшеуі алтын медаль болмақ. Сонымен қатар әлем чемионатынан да үш алтын медаль күтеміз» деді.
Кореяның Инчхон қаласында 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтетін Азия ойындарында ел намысын қоғайтын зілтеміршілер.

Әйелдер құрамасы:

Маргарита Елисеева ( 48 келіге дейін)
Зульфия Чиншанло ( 53 келіге дейін)
Сәуле Сәдуақасова ( 58 келіге дейін)
Карина Горичева ( 63 келіге дейін)
Жазира Жаппарқұлова ( 69 келіге дейін)
Анна Нұрмұхамбетова ( 75 келіге дейін)
Мария Грабовецкая (75 келіден жоғары)
Ерлер құрамасы:
Арли Чонтей ( 56 келі)
Азамат Рымқұлов ( 62 келіге дейін)
Александр Ким ( 69 келіге дейін)
Кирилл Павлов ( 77 келіге дейін)
Рүстем Сыбай, Ермек Өміртай (екеуі де 85 келіге дейін)
Алмас Өтешев ( 94 келіге дейін)
Сергей Истомин (105 келіге дейін)
Ибрагим Берсанов ( 105-тен жоғары)