Даңқты қазақ

Даңқты қазақВелотректен әлем чемпионы, даңқты динамолық спортшы Марат Сатыбалдиев «Динамо» спорт қоғамының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында орталыққа бас сұғып, «Динамо Хабаршысы» газетіне арнайы сұхбат берді.

Ол кісі: «Мен спорттан кеткен 90-шы жылдардың басы өте қиын болды. Бірақ, ең қиыны, таң ертең тұра салған кезде не істеріңді білмей дағдарады екенсің. Бұрын спортта жүрген уақытта әр күнің кесте бойынша бөлінеді ғой (жаттығу, жарыстар)», — дейді. Тағы бір сөзінде: «1995 жылы болуы керек. Көлігіммен Алма-Арасан жаққа бет алғанмын. Жол бойында велоспорттан жарыс өтіп жатыр екен. Қызығушылықпен тоқтадым. Бір кезде жүлдегерлерді марапаттау рәсімі басталды. Ешкім жүлдегерге құрмет қағазын, медаль немесе бағалы сыйлық беріп жатқан жоқ. Тек қолын алып құттықтауда. Жақындап барып бапкерлермен сөйлессем, бұл өтіп жатқан жарыс — ҚР чемпионаты екен», — деді. Әлем чемпионымен өткен сұхбаттың толық нұсқасын газетіміздің №7 санынан оқи аласыздар.

Өмірдерек

Марат Қуанбайұлы Сатыбалдиев, 1962 жылы 22 сәуірде  туған. Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітірген (1986 жыл). Велотректен КСРО-ның бес дүркін (2 мәрте топтық, 3 мәрте жекелей) жеңімпазы. Әлем чемпионы (1989 жыл). 2 мәрте КСРО-АҚШ матчы чемпионы. АҚШ, Германия, Марокко, Австрия, Италия, Голландия, Франция, Испания, Грекия, Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық жарыстардың жеңімпазы. КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері. Халықаралық санаттағы спорт шебері.