Ел үшін қызмет еткен жан

мураЕл үшін аянбай қызмет ету басты парыз деп санайтын, ұлт мүддесін ойлаған абзал да ардақты азамат, киелі де қастерлі мекен Жер жаннаты – Жетісу жерінің перзенті, есімі жақсылар мен жайсаңдардың қатарында аталып жүрген ардақты ағамыз, милиция генерал-майоры, Ұлы Отан соғысының ардагері, Алматы облысының «Құрметті азаматы», Қазақстан Республикасы ІІМ «Құрметті ардагері» Болсамбеков Әбдіқадыр Болсамбекұлы 90 жасқа келіп отыр.

Әбдіқадыр аға 1923 жылы 22 желтоқсанда Талдықорған облысы Бөрлітөбе ауданының Көкжиде ауылында дүниеге келді. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, 209 атқыштар дивизиясының 754 полкі сапында Сталинград үшін шайқасты, кейіннен сол бөлімшенің взвод старшинасы болды. Порт-Артур мен Хал-Хинголеде Жапон жаулап алушыларына қарсы соғысып, сол жерде Ұлы жеңіске жетті.

Әскер қатарынан жеңіспен оралған Әбдіқадыр аға бірден қылмыспен күреске араласып кетті.

Еңбек жолын 1947 жылы ІІМ Сарқан АБ учаскелік жедел уәкіл қызметінен бастады. Кейіннен 1949 жылы Талдықорған облыстық милиция басқармасының қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел уәкілі қызметіне ауысты. Ол жерде 1951 жылға дейін мінсіз қызмет атқарып, 1951-1952 жылдар аралығында аға тыңшы болды. 1952 жылдан 1959 жылға дейін Талдықорған облыстық ІІБ бастығының орынбасары  болған Әбдіқадыр аға  Текелі қалалық кеңесінің милиция бөлімшесін басқарды. 1959-1960 жылдар аралығында КСРО ІІМ Мәскеулік жоғарғы мектебінде біліктілігін арттыру курстарын оқып тәмамдады. 1960 жылдан бастап 10 жыл көлемінде Талдықорғандық қалалық кеңестің милиция бөлімін және сол жылдары КСРО ІІМ арнайы басқармасының Степногорсктік милиция бөлімін басқарды. 1970 жылы Торғай облыстық атқару комитетінің ІІБ бастығының орынбасары қызметін атқарып,  табысты еңбектерінің нәтижесінде 1975 жылы Талдыкорган облыстық ІІБ атқару комитетінің бастығы қызметіне  ұсынылды. Туған елге деген сүйіспеншілік арқылы парасатты да рухы биік ізбасарларды тәрбиелеу жолында және қылмысты ашу мен алдын алу мақсатында 10 жыл тоқтаусыз басшылық қызмет атқарып, 1985 жылы құрметті демалысқа шықты.

Өмір жолында еңбексүйгіштік, қоғамдық белсенділікпен ерекшеленіп, нағыз азаматтық IMGқасиеттерге ие ірі тұлға 1 дәрежелі «Отан соғысы», «Жауынгерлік ерліктері үшін», «Халықтар достығы», барлық дәрежедегі «Мінсіз қызметі үшін» және басқа да барлығы 48 ордендермен наградталды.

Көп жылғы сіңірген еңбегінің нәтижесі ретінде Ұлы жеңіске 60 жыл толу қарсаңында «Алматы облысының құрметті азаматы» атағын алды.

Бейбітшілік заманда өмірінің 39 жылын милицияға арнаған  Болсамбеков Әбдіқадыр Болсамбекұлы бүгінде Алматы облысының жас полицейлерін тәрбиелеуде өз үлесін қосып жүрген, 4 перзент тәрбиелеген, немерелер мен шөберелер сүйген асқар таудай әке, ардақты ата, аяулы жар, облыстық ІІО Ардагерлер кеңесінің мүшесі.

Алматы облысы ІІО ардагерлері, ІІД басшылары және «Динамо» спорт қоғамы атынан торқалы той иесін шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, ырыс пен ынтымақ, бақыт пен береке тілейміз.

«Динамо» ДШСҚ

Алматы облыстық филиалы