9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай Алматы қаласындағы «Сұлтан-Динамо» бокс клубының залында Кеңес Одағының батыры М. Якуповты еске алуға арналған бокстан балалар мен жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир өтті. Балғын былғары қолғап шеберлерінің басын қосқан байрақты бәсекені Алматы қаласының Жетісу аудандық әкімдігі, «НұрОтан» ХДП Жетісу аудандық филиалы, «Динамо» ДШСҚ мен «Сұлтан» спортшыларды қорғау қоры ұйымдастырды.
, ата-аналар, спорт жанкүйерлері мен құрметті қонақтар келді. «Динамо» ДШСҚ Спорт басқармасының бастығы Николай Князев салтанатты түрде сайыстың шымылыдығын ашып, құттықтау сөз сөйледі. Өскелең былғары қолғап шеберлеріне сәттілік тілеген ол: «Соғыста қаза тапқан боздақтардың ерлігі сіздерге әрқашанда үлгі болуы тиіс. Олар сұрапыл қан майданда от кешіп, елі мен жерін қорғап қалды. Солардың арқасында қазіргі бейбіт заман орнады. Сіздер сол бабаларымыз алып берген тыныш заманның көкжиегін кеңейтіп, елімізді алға жетелеуге тиіссіздер. Оның бірден-бір жолы – спорт. Сондықтан спорттың биік шыңын бағындырып, Қазақстанның даңқын аспандата беріңіздер», — деп, балғын спортшыларға бағыт-бағдар сілтеді. Одан кейін құрметті қонақ ретінде келген имам Қанат қажы соғыста опат болғандардың рухына құран бағыштады. Халқымыз: «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөзді жайдан жай айта салмаса керек. Сондай-ақ, «ешкім де ұмытылмайды, еш нарсе де ұмыт қалмайды» дегендей, елі үшін жанын пида еткен ерлердің ерлігі ешқашан ұмыт қалмайтыны ақиқат. Олардың отан алдында атқарған адал парызын сезініп, ерлік жолдарын жаттап өскен жас ұрпақ елдің ертеңін ойлайтын азамат болып өсері сөзсіз. Осындай мақсатта өткізілген жарыс өзінің діттеген ойына жетті деп сенеміз.
Турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен 256 жас спортшы келді. Олардың ішінде Алматы, Жамбыл, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облысының жеткіншектері мен Алматы қаласының боксшылары бар. Сайыстың ережесіне сәйкес, әр жас ерекшелігінде спортшылар өзінің мүмкіндігін толықтай көрсету үшін төрт топқа бөлінді. Олардың арасында 2000-2001, 2002-2003, 2004-2005 және 2006-2007 жылдары дүние есігін спортшылар бар.
Сайыс қорытындысына тоқталса, 2006-2007 ж.ж. спортшылар ортасында И. Ахметов (24 келі), М. Хамза (26 келі), Д. Айтмағамбет (28 келі) пен В. Чиканов бірінші орын иеленді.
2004-2005 жылдары дүниеге келген боксшылар арасында біріншілік тұғырынан көрінгендер: Н. Мурсал (32 келі), Э. Қадыр (32 келі), И. Жақсыбай (34 келі), Б. Бауыржанұлы (36 келі), Д. Намазбай (38 келі), Е. Маратұлы (40 келі), Ш. Махмут (42келі), А. Пайзулла (44 келі) және А. Амагелді (46 келі).
2002-2003 жылдарғы былғары қолғап шеберлері арасында жеңімпаз атанғандар: Р. Тагиров (34 келі), Р. Амантаев (36 келі), А. Арманұлы (38 келі), А. Жәнібеков (40 келі), А. Оңғарбек (44 келі), А. Мелісов (46 келі) және Р. Марсилинов (48 келі). Ал 2000-2001 жылдар туған спортшылар арасында Д. Тойболдинов (34 келі), Б. Мейірман (42 келі), Н. Сарғали (46 келі), А. Балтабаев (48 келі), Н. Тасполат (54 келі), Д. Шаудинов (57 келі) және М. Рахимжанов (66 келі).
Сонымен қатар, шаршы алаңда жасындай жарқырап, үздік өнер көрсеткен боксшылар арасында М. Хамза «ең үздік боксшы» атанса, Б. Мейірман «үздік техникалық боксшы», ал Н. Сарғали «көрермен көзайымы үшін» атты номинациямен марапатталды. Барлық жеңімпаздарға медаль мен грамоталар табысталды.
Жарыстың өтуіне атсалысқан ұйымдастыру комиссиясының өкілі, білікті жаттықтырушы Рахымжан Садықов: «Бұл турнир қазіргі таңда дәстүрге айналып отыр. Балалар соғыста ерлік көрсеткен аталарының іс-әрекетін саналарына сіңіріп қана қоймай, шаршы алаңда шынығып, шыңдала түседі. Осы бағытта бізге көмек қолын созып, әрқашан қолдау білдіріп отыратын Жетісу аудандық әкімдігі мен «НұрОтан» ХДП Жетісу аудандық филиалына, сондай-ақ, «Динамо» спорт қоғамына алғысымыз шексіз. Себебі, бала – біздің болашағымыз. Кішкентай кезінен дүбірлі додаларға қатысып, тәжірибе жинаған өрендер келешекте мықты спортшы болып өсетіні анық», — деп, балалар мен жасөспірімдер спортына әрқашан қолдау білдіріп отыруымыз қажет екенін айтып өтті.