Қазақстандық балуан қыз, динамолық спортшы Гюзель Манюрова әйелдер арасындағы күрестен Олимпиада ойындарының күміс медалін тағынды.
Ару қызымыз Олимпиада ойындарының финалына шыққан сәтте, «алтынның ауылы алыс емес» деп, бөркімізді аспанға атып қуанғанымыз рас. 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша финалдық белдесуде 38 жастағы отандасымыз канадалық Эрика Уибемен кездесті. Жекпе-жектің алғашқы кезеңінде жерлесіміз шабуылдау кезінде қарсыластың әдісіне түсіп қалды. Осылайша, бірінші үш минуттықта 27 жастағы канадалық 2 ұпаймен алға шықты. Келесі кезеңде Уибе басымдық танытып, ұпай санын арттыра түсті. Қорытынды есеп 6:0. Айта кетейік, Гюзель Манюрова осымен үшінші мәрте Олимпиада ойындарының жүлдегері атанып отыр. Ол 2004 жылы Ресей құрамасының сапында Афины Олимпиадасынан күміс жүлде иеленсе, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында қола медаль еншіледі.