Ақпан айының 14-15 күндері Жамбыл облысында ІІО қызметкерлері арасында самбо күресінен іріктеу турнирі өткізілді. Себебі, жеңімпаз атанғандар ҚР ІІМ-нің ұйымдастыруымен 11-15 сәуірінде Қарағанды қаласында өткізілетін чемпионатта жамбылдық полицейлердің атынан сайысқа түседі.
«Диномо» спорт кешенінде жалауын көтерген турнирде ІІД басшылығы және басқарма бастықтары, ІӘ мен ІІО ардагерлері, жарысқа түскен қызметкерлердің отбасылары сайысты тамашалады. Турнирде 19 командадан құралған 100 ойыншы 8 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады. Өз кезегінде ІІД Кадр жұмысы басқармасының бастығы полиция полковнигі Ержан Егембердиев: «Спорт – басымызды қосатын ұлы күш. Бүгін тек күш сынасып қана қоймай, біліктілігімізді де арта түстік. Мұндай ынтымақтастық қылмыстарды ашуда өз нәтижесін бермей қоймайды. Бүгінде біз бәріне дайын болуға тиіспіз, біздің қызметкерлеріміздің дене шынықтыру жағынан да, әскери дайындық жағынан да әр уақытта «үздік» деңгейінде болуы қажет. ІІД командасы самбо күресінен үш жыл қатарынан республикалық чемпионаттарда командалар ішінде бірінші орынды алып келеміз, биыл да сіздер жеңіс туын көтереді деген сенімдеміз» — деді. Сондай-ақ, ептілігімен танылған, самбо күресінен екі дүркін әлем чемпионы Ардақ Құлжанов пен халықаралық санаттағы спорт шебері Қанат Байымбетовтің турнирде күш сынасатындарын да атап кетті. ІІО Ардагерлер кеңесі төрағасы және ІӘ запастағы полковник Өрнекбай Смаилов жарысқа қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, спорттық сайыстарда сәттілік тіледі.
Турнир қорытындысына сәйкес, командалық есеп бойынша «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесі бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Жедел қимылдайтын арнайы жасақ командасы иеленсе, ал үшінші орынға Оқу орталығы табан тіреді. Жекелей сында: Шыңғыс Ешенқұлов (57 кг), Қанат Байымбетов (62 кг), Ардақ Құлжанов (68 кг),Қанат Өміралиев (74 кг), Амир Хабибуллаев (82 кг), Жалғас Бекмұратов (90 кг), Медет Қойлыбаев (100 кг), Серғазы Әбдіқұлов (100 кг жоғары) жеңімпаз атанды. Енді олар Жамбыл облысы ІІД құрама командасына кіріп, алдағы уақытта ҚР ІІМ чемпионатында сайысқа түседі.
ІІД басқарма басшылары және бас төреші, самбодан халықаралық санаттағы төреші – Ерсайын Татенов жеңімпаздарды марапаттады. Оларға Жамбыл облысы ІІД және «Динамо» ДШСҚ дайындаған арнайы кубок гын табыс етіліп, грамоталар мен медальдар берілді.
Ендігі кезекте жеңіске жеткен жеңімпаздарды ІІД Кадр жұмысы басқармасының аға инспекторы полиция майоры Қанағат Райқұлов және «Динамо» ДШСҚ аға жаттықтырушысы Ержан Баймұратовтың бастамасымен Қарағанды қаласында ұйымдастырылатын жарыста бақ сынайды.
Жамбыл облысы ІІД Баспасөз қызметі