Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан ХХХІ Олимпиада ойындарында бокстан 81 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен динамолық спортшы Әділбек Ниязымбетов күміс медаль еншіледі. Ол финалдық кездесуде кубалық Хулио Сесар Ла Крусқа есе жіберіп алды.
Жерлесіміз осымен Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері атанып отыр. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында да Әділбек Ниязымбетов екінші орыннан көрінген болатын. Осылайша, жерлесіміз Атланта және Сидней Олимпиадасының финалында өнер көрсетіп, екеуінде де күмістен олжа салған Болат Жұмаділовтің нәтижесін қайталады. Еске сала кетейік, Әділбек алғашқы кездесуін белорус спортшысы Михаил Долголевецті, ширек финалда ол әзірбайжандық Тимур Маммадовты тізе бүктірген еді. Жартылай финалда британ спортшысы Джошуа Буатсимен қолғап түйістіріп, жеңіске жетті. Алтын күткен ұлымыз ақтық сында кубалықтан ұтылып қалды. Дегенмен, «vesti.kz.» сайтына сұхбат берген ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов: «Ақтық сында аталған салмақтағы әлемнің ең үздік боксшысы кездесті. Әділбек әлсіз боксшы емес. Бірақ оған әлемнің үш дүркін чемпионы қарсы тұрды. Ла Крус Әділбектен айласын асырды деп айта алмаймын. Ол қашып жүріп ұрысты. Дегенмен бұл бокс. Кубалықтың кейбір соққылары көздеген жеріне тиді. Алайда Әділбектің соққылары қарсыласына қарағанда нақтырақ болды. Соған қарамай әлемнің үш дүркін чемпионын нокдаунға жіберу оңай еместігін түсіну керек. Өз басым Әділбек жеңді деп ойлаймын. Залдағы көрермен де солай деп санайды. Кездесудің тамашалағандардың арасында «Қазақстан жеңді» айғайлағандар көп болды. Көрерменге алғыс айтамын. Солай бола тұра жеңіс бұйырмады. Енді Иван Дычконы дайындайтын боламыз. Өз басым Әділбекке сендім. Сол себепті де Риоға алып келдім. Ол үмітті ақтады. Күміс медальдің иегері атанды», — деп, шәкіртінің жеңіске деген жігері мықты болғанына тоқталды.
Күміспен күптелген Әділбек
- 19 августа, 2016
- 11:20 дп