Наурыз мерекесі – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Күн мен түн теңеліп, жер-көкке жан бітіп, адамзат мәре-сәре күй кешеді. Осынау меркеге орай Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы ғимаратының алаңында полиция қызметкерлері арасында ұлттық ойын түрлерінен жарыс өткізілді.
Жарыстың басты мақсаты – полиция қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын дәріптеу, қызметкерлердің дене шынықтыру дайындығын жоғары деңгейде ұстауын қамтамасыз ете отырып спорттық даярлығын көтеру болып табылады.
Аталмыш спорттық шараға Қалалық ішкі істер басқармасы қызметкерлерінен құралған 9 команда қатысып, арқан тартудан, гір көтеруден және қол күрестен бақтарын сынады. Сайысқа басқарманың басшылық құрамынан құралған төрешілер алқасы қазылық жасады.
Тәртіп сақшылары арасындағы бірлікті, командалық қолдауды нығайтуды мақсат тұтқан бұл спорттық дода өте тартысты жүрді.
Спорттық бәсекенің қорытындысы бойынша І орынды Криминалды полиция бөлімі командасы иеленіп, жарыс жеңімпаздары атанды. Анықтау бөлімінің құрамасы ІІ орынды қанжығасына байласа, Уақытша ұстау абақтысының құрама командасы жарыстың қола жүлдесін иеленді. Жарыс жеңімпаздары арнайы дипломдармен марапатталды.
Шара соңында ішкі істер органдарының ардагерлері мен қызметкерлеріне арналып мерекелік дастархан жайылып, жиналған жұртышлық қасиетті наурыз көжеден дәм ауыз тиді.