Астана қаласында наурыздың 18-і мен 20-ы аралығында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Азия құрлығы бойынша Олимпиадаға іріктеу турнирі өтті. Сары құрлықтың сайыпқырандары жиналған сайыста ұзын саны 36 Олимпада жолдамасы берілсе, оның 9-ын қазақстандық балуандар еншіледі. Турнирде әр салмақ бойынша тек финалға өткен екі балуан ғана Олимпиада жолдамасын иеленді.
Бұған дейін қазақстандық балуандардың қоржынында үш жолдама болатын. Динамолық грек-рим күресінің шеберлері Алмат Кебіспаев пен Досжан Қартықов, сондай-ақ, тағы бір динамолық еркін күрес шебері Артас Сана Рио-де-Жанейро Олимпиадасының лицензиясын қанжығасына байлап үлгерген еді. Сондықтан Астана төріндегі трунирде жерлестеріміз барын салып, қолдан келген мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысты. Сөйтіп 9 жолдама иеленсе, оның 8-ін динамолық балуандар алып берді. Бұл бәсекеде грек-рим күресінің шеберлері 59, 66, 75, 85, 98 және 130 келі салмақта, еркін күрес шеберлері 57, 65, 74, 86, 97 және 125 келі, ал қыздарымыз 48, 53, 58, 63, 69 және 75 келі салмақта белдесті. Азияның 24 елінен келген спортшылар арасында жерлестеріміз табандылық танытып, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықты. Сонымен іріктеу турнирінде ел намысын асырған балуандарға келсек, грек-рим күресінен 130 келі салмақта боз кілемге шыққан Нұрмахан Тінәлиев турнирдің жеңімпазы атанып қана қоймай, Олимпиада жолдамасын иеленді. Ол өз сөзінде: «Бұл жарыстағы ең қиын белдесу ирандық балуанмен болды. Жеребе бойынша бұл қарсыласым маған бірінші айналымда түсіп тұр екен. Осы белдесуге көп күш жұмсадым. Лас-Вегастағы әлем чемпионатынан бері жарты жылдай уақыт өтті, осы аралықта бапкерлеріммен тікелей тек осы Астанадағы жарысқа дайындық жүргіздік. Өз елімізде өтіп жатқан бәсекеде жеңіске жетудің маңызы зор. Алдағы уақытта бірнеше жарысқа қатысып, Олимпиадаға алаңсыз дайындалатын боламыз», — деп, ағынан ақтарылды. Ал еркін күрестен Олимпиада жолдамасын алған динамолық балуандар: Аслан Кахидзе (86 келі), Мамед Ибрагимов (97 келі) және Даулет Шабанбай (125 келі). Әйелдер күресінен Рио-де-Жанейро Олимпиадасының жолдамасын ұтып алғандар: Жұлдыз Әшімова (48 келі), Екатерина Ларионова (63 келі), Эльмира Сыздықова (69 келі) және Гүзел Манюрова (75 келі). Осылайша балуандарымыз барлығы 12 жолдама иеленсе оның 11-і динамолық спортшылардың еншісіне тиесілі. Дегенмен әр күрес түрінен әлі де үш жолдамамыз кем. Ол үшін жерлестеріміз алдағы уақытта Моңғолия (22-24 сәуір) мен Түркияда (6-8 мамыр) өтетін әлемдік іріктеу турнирінде бақ сынайды.