Шығыстағы чемпионат

DSC_0592Соңғы кездері еліміздің күш құрылымдарының арасында өткізіліп келе жатқан спорт додаларында Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қызметкерлері алдыңғы орындардан көрініп, қарсыластарына дес бермей келеді. Әсіресе, аз ғана уақыттың ішінде Қоян-қолтық ұрыс спортынан биік белестерді бағындырып үлгерген біздің саланың спортшыларымен азуын айға білеген аталмыш ұрыс шеберлері санасатын болды. Қоян-қолтық ұрыстан өткізілген халықаралық додаларда талай мәрте топ жарып, абыройымыз аспандады. Кез келген ортада жеңімпаз спортшыларымыздың есімі құрметпен аталатын дәрежеге жетті. Жақында шырайлы Шығыс төрінде Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Қоян-қолтық ұрыстан өткізілген 7-ші республикалық чемпионаты осыны тағы бір рет дәлелдеді.

Соңғы алты жылдан бері дәстүрге айналған чемпионаттың негізгі мақсаты – жыл сайын еліміздің Ұлттық Қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдай министрліктері, Бас прокуратура, Ұлттық гвардия, Кедендік бақылау, ҰҚК Шекара қызметі, Ішкі әскер және тағы да басқа күш құрылымдарының арасында Қоян-қолтық ұрыстан өтетін Қазақстан чемпионатында Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің намысын қорғайтын сала қызметкерлерін іріктеу, өз салмағында мықтылығын дәлелдей білген сақа спортшыларға қолдау көрсету болып табылады.

Жалпы, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің бұл жолғы чемпионаты сұлу табиғатымен танымал, елімізге ғана емес, шет елдерге даңқы жеткен тұлғаларымен атақты, Қазақстандағы екінші Швейцария – Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында өткізілуі тегін емес. Себебі, спорттың Қоян-қолтық ұрыс түрі осы өңірде кеңінен қанат жайғандығымен қатар, Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаменті және оған қарасты түзеу мекемелерінің осы спорт түрімен айналысатын қызметкерлері комитет намысын лайықты қорғап, командамызға талай жеңісті әкелгендігі жасырын емес. Мәселен, аталмыш департаменттің жеке құрам бойынша инспекторы, әділет аға лейтенанты Рустам Атабаевтың бір өзі неге тұрады? Оның соңғы жеңістерінің бірі, Кабардино-Балкария республикасының астанасы Нальчик қаласында өткен қоян-қолтық ұрыстан Азия чемпионатында 80 келі салмақ дәрежесі бойынша жүлделі ІІ орынды иеленіп, күміс медальдің иегері атануы – тек Қылмыстық-атқару жүйесіне ғана емес, еліміз Қазақстанға үлкен абырой болды. Сондай-ақ, Рустамнан бөлек, шығысқазақстандық қоян-қолтық ұрыс шеберлері – Ернат Байжүменов, Хасан Дубаев, Шалқар Сәрсеқанов, Ринат Сұлтабаев, Жәнібек Имахановтар жас та болса, үздік спортшылардың қатарына қосылып, спорт сүйер қауымнан өз бағасын алып үлгерген жеңімпаз жандар. Сондықтан да, осы чемпионаттың шырайлы Шығыс төрінде өтуі заңдылық іспетті.

Жыл басында ғана тұсауы кесіліп, жаңадан пайдалануға берілген «Жекпе-жек сарайында» өткен чемпионаттың ашылу салтанатында сөз алған Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары, әділет полковнигі Азамат Базылбеков соңғы кездері салада спортқа көп көңіл бөлініп келе жатқандығына, осының арқасында ҚАЖ қызметкерлері бұрын-соңды болмаған жеңістерге қол жеткізіп жүргендігіне тоқталды.

IMG_4607– Құрметті, қылмыстық-атқару жүйесі саласының спортшылары! Бүгінгі чемпионатта сіздермен қауышып отырғандығыма қуаныштымын, – деді әділет полковнигі Азамат Хызырұлы, – Жалпы, Қоян-қолтық ұрыс спорты – әлемдегі ең танымал спорт түрі. Бұл спорт – құқық қорғау органдарында еңбек ететіндер үшін өте тиімді. Себебі, сіздер күн сайын ондаған қылмыспен және қылмыскерлермен бетпе-бет келіп жатасыздар. Сол уақыттарда қызметкерлер кез келген жағдайға дайын болып, әскери жекпе-жек өнерін жоғары деңгейде қолдана білгені дұрыс. Міне, осы жағынан алғанда қоян-қолтық ұрыс әдісі – оларға таптырмас құрал.

Бұл жолғы 7-ші чемпионаттың негізгі ұйымдастырушысы, спорт жанашыры, Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығы, әділет полковнигі Талғат Молдажанов чемпионатқа қатысып отырған командаларға алғысын жеткізіп, барлық спортшыларға сәттілік тіледі. Бұл жолғы чемпионаттағы салтанатты парад шеруін бастап, алып жүру құрметіне департамент қызметкері, әділет аға лейтенанты Әнуар Садықов ие болды.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Қоян-қолтық ұрыстан өткізілген 7-ші чемпионатында Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан облыстық департаменттерінен құралған барлығы 9 команда, 100-ге жуық спортшы бақ сынады.

Боз кілемде жүзден астам қоян-қолтық ұрысының шеберлері 55-тен басталып, 90-нан жоғары барлығы он екі салмақ дәрежелері бойынша соққыны денеге түгел дарыту әдісімен күш сынасты. «Сен тұр, мен атайын!» деп ауыздығымен алысқан жүзден астам спортшылардың қоян-қолтық ұрыстан 5-і спорт шебері, 17-сі спорт шеберлігіне үміткер, 52-сі бірінші разрядты спортшы болуының өзі байрақты бәсекенің бәсі жоғары екендігін танытты. Жетінші республикалық чемпионаттың Бас төрешісі – Қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері, Қазақстан Республикасының жоғары дәрежедегі бапкері, әділет майоры Әділ Қайырбаев болды. Бір айта кетерлігі, осы Әділ бауырымыз жақында ғана «Ұлттық дәрежедегі төреші» атағын алған болатын. Біз мұны осы уақытқа дейін өтіп келген қоян-қолтық ұрыс турнирлерінде Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің командасын дайындап, баптап жүрген Бас жаттықтырушы Әділ Тоқтарханұлының еңбегіне берілген жоғары баға деп білеміз. Біздің халықаралық турнирлердегі жеңісіміз тікелей осы Әділ бауырымыздың жеңісі десек, артық айтқандығымыз емес.

Осы жолғы чемпионаттың басты ерекшелігі әрі жаңалығы – Қоян-қолтық ұрыстан тұңғыш рет қыздардың өнер көрсетуі болды. Бұл – бұрын-соңды тарихта болмаған оқиға. Осы уақытқа дейін еліміздегі бірде-бір күш құрылымы қоян-қолтық ұрыстан өткен чемпионатқа «нәзік жандыларды» қатыстырып көрген емес. Сондықтан да, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің бұл шешімі тарихқа мәңгілікке жазылары анық.

Республикалық чемпионаттың алғашқы күні қыздар үш және ерлер сегіз түрлі салмақ дәрежелері бойынша күш сынасып, жартылай және ақтық сынға шығатын мықтылар іріктелді. Тәжірибелі спортшылармен қатар, чемпионатта бірінші рет өнер көрсеткен жаңа есімдер де анықталды. Сондай-ақ, қылмыстық-атқару жүйесі түзеу мекемелеріне қызметке енді қабылданып жатқан Қостанай академиясының түлектері де жақсы өнер көрсете білді. Ойынның алғашқы күндері қыздар арасында астаналық Перизат Пардаева, Аида Молдабаева, қарағандылық Әсем Үрүстемова, шығысқазақстандық Бақытгүл Жанғұлова үздік өнер көрсетсе, ал, ерлер арасында астаналық Дулат Илипбаев, Жақсылық Жақсыбаев, алматылық Дидар Құрманбаев, Айдын Әбдірахманов, қарағандылық Айбол Төлебергенов, Еркебұлан Қойшығарин, қостанайлық Кенжеғали Жұмағұлов, Нұрсұлтан Жұмашев, шығысқазақстандық Рустам Атабаев, Хасан Дубаев, Шалқар Сәрсеқанов, Жәнібек Имаханов, Ернат Байжүменов, Мерхат Ахметжановтар қарсыласын бир минуттің ішінде жер қаптырып, айқын басымдық көрсете білді. Сайыстың екінші күні ақтық сынға шыққан спортшылар өз салмақтарында алтын медальдің иегері атану жолында барын салды.

Сонымен, үш күнге созылған тартысқа толы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Қоян-қолтық ұрыстан өткізілген 7-ші чемпионатында қыздар арасында 45 келіге дейінге салмақ дәрежесінде І орынды Аида Молдабаева (Астана қаласы бойынша ҚАЖД), ІІ орынды Жанар Нұрқасова (ШҚО бойынша ҚАЖД) иеленді. Осы қыздар арасында 55 келі салмақ дәрежесі бойынша І орынды Әлия Дүйсенбаева (Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД), ІІ орынды Әлия Жанғұлова (Астана қаласы бойынша ҚАЖД) иеленсе, ІІІ орынға Бақытгүл Нұрғалиева (ШҚО бойынша ҚАЖД) және Венера Айдынбаева (ОҚО бойынша ҚАЖД) тұрақтады. 65 келіден жоғары салмақ дәрежесінде І орынды Перизат Пардаева (Астана қаласы бойынша ҚАЖД) иеленсе, одан кейінгі ІІ және ІІІ орындарды Әсем Үрүстемова (Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД), Мадина Қарашолақова (ШҚО бойынша ҚАЖД) мен Гүлбану Елемес (ОҚО бойынша ҚАЖД) өзара бөлісті.

Ал, ерлер арасында 55 келіге дейін салмақ бойынша І орынды Қуат Сопиев (Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша ҚАЖД), ІІ орынды Аслан Жақсылықов (Астана қаласы бойынша ҚАЖД), ІІІ орынды Еділ Жұмаділов (ШҚО бойынша ҚАЖД), Даур Мақанов (Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД) иеленді. 60 келі салмақ дәрежесі бойынша І орынды Айдос Әшім (ШҚО бойынша ҚАЖД), ІІ орынды Ербол Әбдіқалықов (Астана қаласы бойынша ҚАЖД) иеленсе, ІІІ орынға Дулат Илипбаев (Астана қаласы бойынша ҚАЖД) және Жомарт Бекиев (Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша ҚАЖД) тұрақтады.

65 келіге дейін салмақ дәрежесінде І орынды қанжығасына Рауан Өкпебаев (ШҚО бойынша ҚАЖД) байласа, ІІ және ІІІ орындарды Мерхат Ахметжанов (ШҚО бойынша ҚАЖД), Айбол Төлебергенов (Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД) пен Жақсылық Жақсыбаевтар (Астана қаласы бойынша ҚАЖД) өзара бөлісті. 70 келі салмақ дәрежесінде Шалқар Сәрсеқанов (ШҚО бойынша ҚАЖД) жеңімпаз атанса, ІІ орынды Бағжан Исматуллаев (Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД) иеленді, ал, Талант Жанғалиев (Қостанай облысы бойынша ҚАЖД) пен Нұрлан Сұлтанбаев (Астана қаласы бойынша ҚАЖД) ІІІ орынды қанағат тұтты.

75 келі салмақ дәрежесі бойынша І орын биігінен Хасан Дубаев (ШҚО бойынша ҚАЖД) көрінсе, ІІ орынға Еркебұлан Қойшығарин (Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД) тұрақтады, ІІІ орынды Нұрсұлтан Нұрымбетов (ОҚО бойынша ҚАЖД) және Айдос Алмадинов (Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД) еншіледі. 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Рустам Атабаев (ШҚО бойынша ҚАЖД) сөзсіз жеңімпаз атанса, осы салмақта ІІ орынды Дидар Құрманбаев (Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша ҚАЖД), ІІІ орынды Жәнібек Имаханов (ШҚО бойынша ҚАЖД) және Айдос Жақсыбаев (Қостанай облысы бойынша ҚАЖД) еншіледі.

Қоян-қолтық ұрыс шеберлері сынға түскен 85 келі салмақ дәрежесінде І орынды Кенжеғали Жұмағұлов (Қостанай облысы бойынша ҚАЖД), ІІ орынды Айдын Қорабаев (Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД), ІІІ орындарды Жандос Бекбаев (ОҚО бойынша ҚАЖД), Илья Плындин (ШҚО бойынша ҚАЖД) иеленді. Осы чемпионаттағы ең ауыр салмақ – 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскендер арасынан Айдын Әбдірахманов (Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша ҚАЖД) І орынға шықса, ІІ орынды Ермек Жұмашев (ол да – Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша ҚАЖД) еншіледі, ал, Мақсат Рымбеков (ШҚО бойынша ҚАЖД) пен Айназар Атибеков (Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД) ІІІ орын иегерлері атанды.

Жалпы командалық есеп бойынша Астана қаласы бойынша ҚАЖ департаменті І орын биігіне көтерілсе, ІІ орынға Қарағанды облысы бойынша ҚАЖ департаменті тұрақтады, ІІІ орынды Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаменті иеленді.

Барлық жеңімпаздарға Құрмет грамоталары мен бағалы сыйлықтарды ҚАЖК Кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Асанәлі Балтабаев, Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығы, әділет полковнигі Талғат Молдажанов, департамент бастығының орынбасарлары, әділет полковнигі Миржан Смағұлов, әділет подполковнигі Рашат Мұхаметқалиев, әділет майоры Архат Смағұлов, Қоян-қолтық ұрыстан Ұлттық дәрежедегі төреші, әділет майоры Әділ Қайырбаев және танымал журналист, әділет подполковнигі Еркін Қасымов табыс етті.IMG_5088

Сондай-ақ, чемпионатта әділ төрелік еткен Бас төреші Әділ Қайырбаев пен бас төрешінің орынбасарлары Қоян-қолтық ұрыстан спорт шеберлері Айбек Қайсаров пен және Ерболат Әбікеевке, төрешілер Талғат Оразғалиев, Сұлтан Зейнелов, Райхан Мадинов, Айбек Саметаев, Аян Сәрсенбаевтарға және әділет подполковнигі Еркін Қасымовқа департамент бастығы, әділет полковнигі Талғат Молдажановтың «Алғыс хаты» тапсырылды.

«Ат өнері білінбес, Бәйгеге түсіп жарыспай. Ер өнері білінбес, Қоян-қолтық алыспай» дегендей, үш күн бойы шырайлы Шығыс төрін дүбірлеткен, қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері арасында мықтыларды анықтаған Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Қоян-қолтық ұрыстан өткізілген 7-ші республикалық чемпионаты осылайша жоғары дәрежеде өтті.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

Астана-Өскемен-Астана

Суреттерді түсірген әділет подполковнигі Еркін Қасымов