Наурыздың 25-і күні Алматы қаласындағы «Динамо» стадионында Алматы қаласының тұрғындарынан Президенттік сынақ қабылдауға арналған жарыс өткізілді. Алматы қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған бұқаралық спорт мерекесіне «Динамо» ДШСҚ қолдау білдірді.
Бұл шараны қысқы спорт түрлерінен ақпан мен наурыз айларында өткізілетін Президенттік сынақтың соңғы түйіні деуге болады. Себебі, осы сайыста жиналған қауым шаңғы спортынан сынақ тапсыруы тиіс еді. Алайда, ұйымдастырушылардың айтуынша, көктемнің ерте келуіне орай шаңғыдан жаппай сынақ тапсыру мүмкін емес. Сондықтан бұл жолы қала тұрғындары 6 минут бойы стадионды айнала жүгіріп сынақ тапсырды. Оған қаланың 8 ауданынан жас баладан бастап егде жастағы қарттарға дейін жиналды.
Жарыстың ашылу салтанатында жиналған қауым әр ауданның аты жазылған тақтайша ұстап, шеру өткізді. Одан кейін қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Алмас Маханбетияров құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ерлер мен әйелдер арасында бөлек өткізілген жарыс жас ерекшелігіне орай бөлінген. Олар: 9-10, 11-13, 14-15, 16-17, 18-23, 24-39, 40-49, 50-59 және 60 жастан асқандар. Барлығы 18 санатты құрап отыр. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар атынан диплом мен сыйлықтар табыс етілді. Ал сайыстың маңыздылығына тоқталған Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Алмас Маханбетияров: «Әркім өзінің дайындық деңгейіне орай нәтиже көрсетті. Ең басты айтарым, қала тұрғындарының спортқа деген ықыласы зор. Осы жолда бұқаралық спортты дамыту үшін түрлі жұмыстар атқарып келеміз. Бұл бағытта 90 жылдық тарихы бар, еліміздегі беделді спорт қоғамы «Динамо» ДШСҚ өзінің көмегін көрсетіп, бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз. Себебі, бұқаралық спортты дамыту үшін әр азамат үлес қосып, еңбек етуі тиіс. Спорт – ұлт саулығының кепілі», — деді.
Енді Алматы қаласының тұрғындары жазғы спорт түрлерінен өткізілетін Президенттік сынақты сәуір мен мамыр айларында тапсырады. Онда жеті спорт түрінен сынға түседі.