Қызылорда қаласының Орталық алаңында Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай қазақ күресінен облыстық деңгейдегі жарыс ұйымдастырылды. Облыстың намысын қорғап жүрген белді спортшылармен қатар Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің қызметкерлері де қатысқан жарыс облыстық деңгейде 74 келіге дейін және 74 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша өткізілді.
Сайысқа тыңғылықты дайындықпен келген спортшылар белдесу барысында боз кілемнің шаңын қағып, азулы қарсыластарымен арыстанша айқасып, жанкүйерлерге тамаша ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде ақтық финалда өзара белдесіп, боз кілем төрінде хас шеберді анықтауға тырысты.
Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде І орынды әскери самбодан әлем біріншілігінің қола жүлдегері, полиция капитаны Қайрат Жалғасбаев иеленсе, қарсыласына сәл ғана есе жіберіп алған дзюдодан Азия чемпионы, полиция лейтенанты Ержан Абдуллаев ІІ орынға тұрақтады. Ал 74 келіден жоғары салмақ дәрежесінде әлем біріншілігінің қола жүлдегері, полиция лейтенанты Алмат Тойбағаров өз әріптесінен басым түсіп, жарыс жеңімпазы болып танылса, полиция аға лейтенанты Диас Бижанов жарыстың ІІ орын иегері атанды.
Департамент намысын абыроймен қорғаған полиция қызметкерлері Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының дипломымен және ақшалай сыйлығымен марапатталды.
Айта кетерлік жайт, қызылордалық полицейлер азаматтардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау жолындағы қызметтік міндеттерін орындай жүріп, спорттан қол үзіп қалған жоқ. Түрлі жарыстарда жетістіктерге жетіп, жеңіс тұғырынан көрініп келеді.
Қызылорда облысы ІІД
баспасөз қызметі