Наурыз мерекесінің қарсаңында Алматы қаласында ауыр атлкетикадан «Динамо» ДШСҚ-ның біріншілігі өтті. Қазақ спорт және туризм академиясының ауыр атлетика залында жалауын көтерген жарыс «Динамо» спорт қоғамының 90 жылдығына және Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына арналды. Сайыста 20 жасқа дейінгі 100-ге жуық жас өрендер бақтарын сынады.
«Динамо» спорт қоғамының біріншілігі осымен екінші мәрте өтіп отыр. Жыл сайыс бұған қатысушы спортшылардың қатары көбейіп келеді. Мәселен, былтырғы біріншілікте тек Алматы қаласының жас зілтеміршілері өнер көрсеткен болатын. Биыл өзге облыстың жас спортшылары да сайысқа қатысуға өтініш берген. Олардың ішінде Қарағанды мен Алматы облысының жас өрендері бар. Тіпті, Қырғызстанның Бішкек пен Қарақол қаласының командалары арнайы келіп, біріншіліктің көркін қыздыра түсті. Осыдан-ақ «Динамо» спорт қоғамы ұйымдастырып отырған турнирдің салмағы артып келе жатқанын анық байқаймыз. Ауыр атлетикадан Алматы қаласы бойынша аға бапкері Дәурен Бекмұханбетовтың айтуынша, мұндай жарыс жастар үшін үлкен тәжірибе алаңына айналмақ. Себебі, еліміздің әр өңірінен келген өрендер тәжірибе жинап қана қоймай, шыңдала түседі. Өздерінің шама шарқын байқап, қателіктерін түзетеді. Сонымен қатар «Динамо» спорт қоғамының біріншілігінде топ жарған өренедер сәуір айының соңында өтетін ел чемпионатында өнер көрсетуге мүмкіндік алады. Бұл чемпионат та 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастар арасында өтеді.
Үш күнге созылған байрақты бәсекеде алғашқы болып қыздар арасындағы сайыс аяқталды. Бұл сында 7 жастағы Шакира Сағатдиннің жарысқа қатысуы елді елең еткізген оқиға болды. 32 келі салмақта бағын сынаған бүлдіршін бірінші орын иеленді. Екі ай бұрын ғана Алматы қаласы, «Шаңырақ» ықшам ауданындағы спорт мектебіне барған Шакира, қысқа уақытта ғана өзінің алғашқы биігін бағындырды. Әкесі Қуаныштың айтуынша, Шакираның ауыр атлетика спортына қызығуы Лондон Олимпиадасы кезінде басталған екен. Сол кезде қазақстандық арулардың өнерін теледидардан тамашалаған Шакира, үйдегілерге осы спорт қатысқым келеді деп қиғылықты салған көрінеді. Басында бәрі қарсы болғанымен, ақыр соңында кішкентай Шакираның айтқанымен келісіпті. Сірә, Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза және Светлана Подобедовалардың орынын басатын тағы бір жұлдыз өсіп келеді.
Ал, өзге қыздар арасындағы жарыс қорытындысына тоқталсақ, 36 келіде Арайлым Валиева, 44 келіде Мерей Қонабаева біріншілік тұғырына көтерілді. 48 келіде Гүлдана Жүніс – бірінші, Тылсымай Нұрымбетова – екінші; 53 келіде Альбина Құлжан – бірінші, Милана Кобзарева – екінші; 58 келіде Альбина Қадырбай – бірінші, Гүлдария Сәткен – екінші орын алды. Сондай-ақ, 63 келі салмақта Назым Молдақын – бірінші, Балзира Аязбай – екінші, Милана Дутаева үшінші орынға тұрақтады. 69 келіде Мария Базаркина – бірінші, Нұрай Қасенәлі – екінші орын алды. 69 келіден жоғары салмақтағы Раушан Мешітханова – бірінші орын алса, Данагул Исапа – екінші және Айсұлу Сүлейменова үшінші орынға тұрақтады.
Ерлер арасындағы сайыста бірінші орын иеленгендер: Абылай Мұхан (30 келі), Мағжан Сүлейменов (34 келі), Қайнар Гайдар (38 келі), Бақдәулет Қалдыбай (42 келі), Айбек Айтбаев (46 келі), Ерасыл Ергенбай (50 келі), Асхат Ділдаев (56 келі), Еламан Сейітқазы (62 келі), Нұрғиса Әділетұлы (69 келі), Эмир Абатов (77 келі), Ринат Баударбеков (85 келі), Санжар Бекбосын (94 келі) және Сұлтан Ашымов (94 келіден жоғары). Сонымен қатар 56 келі салмақта бағы жанған динамолық Асхат Ділдаев ҚР спорт шебері нормативін орындады.
Биыл 90 жылдық мерейтойын атап өтетін «Динамо» спорт қоағмы қай кезде болмасы, балалар мен жастар спортына көңіл бөліп келеді. Өйткені, бүгінгі жастар – ертеңгі ел үмітін ақтайтын өрендер. Сондықтан жастар арасындағы спортты дамыту арқылы, қазақтың даңқын шығарып жүрген спортшылардың ізбасарларын тәрбиелей аламыз. Бұл – «Динамо» спорт қоғамының бұлжымас қағидасы.