Мамыр айының 19-22 күндері Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универистетінің спорт кешенінде бокстан жастар арасындағы Республикалық ашық жеке командалық турнир өтті. Талай жас өреннің басын қосқан жарыста жас былғары қолғап шеберлері КСРО спорт шебері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы әрі Спорт колледжінің директоры Амалбек Тшановтың жүлдесін сарапқа салды.
Қазіргі таңда Алматы қаласы бокс федерациясының президенті болып табылатын Амалбек Тшанов, Кеңес Одағының кезінде бокстан гүрзі жұдырығымен әжептеуір жетістікке жеткен, сондай ақ, қазақ боксының өркендеуіне сүбелі қосқан ардагер спортшы. Айтулы тұлғаның атындағы байрақты жарыс алдымен Алматы қаласы бойынша өтсе, міне енді, республикалық деңгейде жалауан көтеріп отыр. Бұл жарысқа еліміздің әр аймағынан 90-ға жуық маңдай алды боксшылары келіп бақ сынады.
Жарыстың салтанатты ашылуына қатысқан құрметті меймандардың арасында Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетенің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, «Динамо» денешынықтыру және спорт қоғамы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов және ҚР Білім минсистрлігіне қарасты республикалық ғылыми-практикалық иниститутының директоры Марат Қошаев мырзалар болып, олар турнир иесіне жүрекжарды ақ тілектерін айтып, жас былғары қолғап шеберлерінің жекпе-жектеріне сәттілік білдірді.
Жарыстың бас төрешісі Серік Әбдінәлиевтің айтуынша, шаршы алаңда жан алысып жан беріскен кездесулерде Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облысының жастары топ жарып, тамаша өнер көрсетіп, мамандар тарапынан оң бағасын алған екен.
Әсіресе, Ермахан Ибраимов, Болат Жүмәділов және Бақтияр Артаев секілді әлемге танымал саңлақтарды тәрбиелеп шығарған ежелгі Әулие ата өңірінен келген былғары қолғап шеберлері қарсыластарын бет қаратпай ұтып, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Мысалы, Олимпиада чемпионы Ермахан Ибаримовтың өзі «Динамо» спорт қоғамының түлегі екенін баса айта өткеніміз орынды болар. Өйткені тарихы тереңде жатқан айтулы қоғамда бірлестігінде жаттығып, аттары әлемге танылған боксшылармыздың қатары да қалың.
Ия, Кеңес Одағы кезіндегі елімізде қалыптасқан бокс мектебінің жемісін әлі де көріп келе жатқанымыз өтірік емес. Мысалы, Лондон Олимпиадасында бокстан ерлер арасында күміс алқаны жеңіп әперген Әділбек Ниязымбетов пен әйелдер арасында тұңғыш рет олимпиада ойынына кіріп отырған бокс түрінде жерлесіміз Марина Вольнованың қола медалі алтын мен теңдей десе болғандай емес пе? Марина қызымыз қазақ тілінде еркін сөйлегенде, еріксіз риза боласың. Шіркін, сонда өзіміздің қаркөздерімізді ана тілінде сөйлете алмай жүргенде, өзге ұлттың өкілінің қазақ тіліне деген құрмет-қошаметін көріп, сүйсінбеске шара жоқ.
Хош, сонымен жоғары да айтып өткеніміздей, Амалбек Тшанов сынды ардагер спортшылар арқылы болашақ жастарымызды тәрбиелуге арналып тұратын турнирлеріміздің саны мен сапасы өсе берсе екен деген ойды арқау етіп отырсақ игі еді. Өйткені, тұлғалар арқылы жастарды тәрбиелеудің маңызы өте зор деп білеміз.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ
КСРО спорт шебері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амалбек Тшановтың жүлдесі бокстан жастар арасындағы республикалық турнирдің жеңімпаздары:
49 келі
І орын – Санат Садықов
ІІ орын – Нұрғиса Тәжіхан
ІІІ орын – Дулат Дәуітов
52 келі
І орын – Мақсұт Зарыққанов
ІІ орын – Ғалымжан Отызбаев
ІІІ орын – Ілияс Қадыров, Ернар Өркен
56 келі
І орын – Жандос Қадырәлиев
ІІ орын – Еламан Хамитов
ІІІ орын – Жанболат Қадырбаев, Ермек Әбдірайымов
60 келі
І орын – Абылайхан Хұсайынов
ІІ орын – Бекдәулет Ибрагимов
ІІІ орын – Еркеғали Назарәлиев, Бауыржан Жақсыбаев
64 келі
І орын – Виктор Корчигов
ІІ орын – Сыпатай Егембаев
ІІІ орын — Әмір Салтаев, Ержан Қашаев
69 келі
І орын – Максим Панарин
ІІ орын – Бекболат Құрамысов
ІІІ орын – Нұрболат Өтегенов, Ержан Өтебай
75 келі
І орын – Мұратхан Жасұлан
ІІ орын – Еркебұлан Тазабеков
ІІІ орын – Әбілхайыр Шегалиев, Израил Нальгиев
81 келі
І орын – Әбдуали Ескелов
ІІ орын – Нұрғазы Ермекбай
ІІІ орын – Ислам Тұлпаров, Айдос Құдайбергенов
91 келі
І орын – Қанат Ескелов
ІІ орын – Төлеген Атақұлов
ІІІ орын – Азам Қасымханов, Темірлан Өмірбек
91 келіден жоғары
І орын – Нұрсұлтан Аманжол
ІІ орын – Қанағат Ахмедов