Қазіргі таңда түркі елдері арасында ынтымақтастық әр сала бойынша дамып келе жатыр. Соның бір айғағы ретінде қыркүйек айында түркі тілдес елдердің полиция қызметкерлері арасында өткен спорттық жарысын айтуға болады. Туркия елінің Ескішехир қаласында өткен бұл байрақты бәсекеге арнайы шақырту біздің елдің тәртіп сақшыларына да жасалды. Сонымен қыркүйектің 9-12 аралығында өткен халықаралық жарысқа Туркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызтан және Тәжікстан мен Кипр елдерінен 120-дан астам спортшы қатысып, кім мықтыны анықтады. Жарыстың салтанатты ашылуында әр елдің өкілдері өздерінің құттықтаулары мен жылы лебіздерін білдірді. Қазақстандық спортшыларды бастап барған «Динамо» денешынықтыру спорт қоғамы төрағасының орынбасары Әсет Ақанов та мінберге шығып, аталған жарысты ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, спортшыларға ақжол тіледі. – «Құрметті жолдастар, осындай жарысты ұйымдастырып отырғандарыңыз үшін Қазақстан Республикасы және Ішкі істер органдары мен «Динамо» спорт қоғамы атынан алғысымды білдіремін. Бүгін Түркия елінде барлығымыз қуанышты жағдаймен жиналып отырмыз. Осындай спорттық жарыстар көп болып, бірлігіміз нығайа берсін, әрқашанда қуанышты жағдайда жүздесе берейік. Жарысқа қатысушы спортшыларға үлкен жетістіктерге жетіп, жеңіс тұғырынан көріне берулеріне тілектеспін», -деп атап өтті өз сөзінде Ә. Ақанов. Жарыс барысында әр елден келген тәртіп сақшылары спорттың дзюдо және көп сайыс түрлері бойынша сынға түсті. Дегенімен біздің спортшылар тек дзюдо спорты бойынша ғана сынға түсті. Бозкілемде ел намысын қорғаған біздің спортшылар, яғни динамолықтар өздерінің азулы қарсылас екендіктерін байқатып, 2 алтын, 2 қола медальді жеңіп алды. Жеңіс шыңынан көрінген спортшыларға тоқталып өтсек. 60 келі салмақта көкшетаулық Алмас Сүлейменов және 90 келіде сынға түскен өскемендік Асхат Елубаев алтын медальді ұтып алды. Сондай-ақ 66 келіде Нұрболат Майлыбаев пен 81 келіде боз кілемде өнер көрсеткен қарағандылық Нұрбек Назаров қола медальді жеңіп алды. Жалпы командалық есеп бойынша бірінші орынды Тәжікстан жеңіп алса, екінші орынды Қазақстан, ал үшінші орын түрік бауырларымызға бұйырды. Мұндай жарыстар әлі де өз жалғасын табады деген ойдамыз. Өйткені бізге түркі әлемінің қай салада болмасын әріптестік құрып, ынтымақтаса жұмыс істегені қажет.
Туркияда өткен дүбірлі дода
- 20 октября, 2013
- 12:29 пп