«Динамо» спорт қоғамы балаларды спортқа баулу жұмыстарын үнемі жүргізіп, жастар арасындағы спортты дамытуға өз үлесін қосып келеді. Осы тұрғыда «Нұр Отан» ХДП-мен бірлескен жобалар іске асырылуда. Оның бірі «ХХІ ғасыр ауылы» жобасы. Бұл жобаның мақсаты – ауыл спортының белсенділігін арттыру, шалғайда жатқан ауыл тұрғындарына көмектесіп, спорттық нысандарын қалыпқа келтіру. Сондай-ақ спорттық сайыстар өткізіп, «Спорт – бұл өмір» ұранымен мерекелік шаралар өткізу болып табылады. Осы жоба аясында еліміздің әр облысы мен қала орталықтарындағы «Динамо» денешынықтыру спорт қоғамының филиалдары шалғайда жатқан ауылдарда үнемі спорттық шаралар өткізіп келеді.
Сондай-ақ «Динамо» спорт қоғамы жас спортшылардың құлшынысын арттыру мақсатында наурыз айының соңына таман мәнерлеп сырғанаудан «Динамо» дене шынықтыру спорт қоғамы орталық кеңесінің ашық біріншілігін жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұрады. «Luxor Wellness» клубында осымен үшінші рет ұйымдастырылған бұл біріншілікке биыл еліміздің әр түкпірінен 150-ден аса бала қатысты, бұл біз үшін өте қуантарлық жағдай. Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент, Көкшетау және Сәтбаев қалаларынан келген жас спортшылар бұл сайыс барысында бір-бірімен жақын танысып қана қоймай, тәжірибе жинап қайтты.
Жалпы «Динамо» денешынықтыру спорт қоғамында балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулып, олардың дене тәрбиесімен шұғылдануы үшін 105 жаттықтырушы жұмыс істейді. Қазіргі таңда динамоның 134 спорт үйірмелерінде 3,5 мыңнан аса бала спорттың 33 түрінен тәлім алып, машықтануда. Спорттық үйірмелерде шұғылданатын балалар арасында түрлі сайыстар жиі өткізілілп тұрады. Мәселен, 2012 жылы 150 балалар жарысы мен спорттық мерекелер өткен. Осыған орай балалар спортын дамытуға үлес қосқаны үшін «Динамо» ДШСҚ 28 мектептің және балалар үйі мен интернаттардың қошеметіне ие болды.