Тамыздың 27-сі күні Астана қаласындағы ҚР Ішкі істер министрлігінде 2016 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарында жүлде алған динамолық спортшыларды ұлықтау рәсімі өткізілді. Оған ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов, Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Т. Құлыбаев, «Динамо» ДШСҚ Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов, ҚР ІІМ орталық аппаратының басшылары мен жеке құрамы қатысты.
Жиында сөз алған ҚР Ішкі істер министрі, «Динамо» ДШСҚ ҚБ-нің Төрағасы Қалмұханбет Қасымов Ішкі істер министрлігі ұжымының, «Динамо» ДШСҚ ҚБ-нің, ҚР Ұлттық ұланы және жеке өзінің атынан динамолық спортшыларға алғысын жеткізді. Ол өз сөзінде: «2016 жылғы Олимпиада ойындары барысында жеңіп алған медальдардың барлығы да былтыр ғана республика көлемінде өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өткен «Динамо» спорт қоғамының атынан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына қосқан лайықты үлес болып табылады», — деп атап өтті. Сонымен қатар, ІІМ басшысы Олимпиада ойындарының барлық қатысушыларына Отанымыздың өркендеуі жолында одан әрі тамаша жетістіктерге жете берулеріне тілектестік білдірді.
Тарихқа көз жүгіртсек, еліміз Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамының спортшылары Олимпиада ойындарынан 62 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 16 алтын, 19 күміс және 27 қола медаль бар. Ал, 2016 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрама командасы жеңіп алған 17 медальдің 16-на динамолық спортшылар қол жеткізді. «Динамо» спорт қоғамының саңлақтарының қоржынында 3 алтын, 5 күміс және 8 қола медаль бар. Сондай-ақ, Рио төрінде ел намысын қорғаған қазақстандық 104 спортшының 75-сі «Динамо» спорт қоғамының мүшесі екенін мақтанышпен айта аламыз. Бұл динамолық спортшылардың әлеуеті мықты әрі отандық спорттың дамуына зор үлес қосып келе жатқанын көрсетеді.
Рио-де-Жанейро қаласындағы Жазғы Олимпиада ойындарында қол жеткізген жоғары көрсеткіштері және әлемдік деңгейде Қазақстанның имиджі мен беделін арттырғаны үшін Ішкі істер министрі Дмитрий Баландин, Ниджат Рахимов, Жазира Жаппарқұл, Гюзель Манюрова, Галбадрах Отгонцецег, Фархат Харки, Карина Горичева, Александр Зайчиков, Эльмира Сыздықова мен Дариға Шәкімова сынды спортшыларды «Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады. Ал ҚР Ұлттық ұланның спорттық командасының аға нұсқаушылары Данияр Елеусінов, Елдос Сметов пен Василий Левит сынды спортшыларға «лейтенант» атағы берілсе, Батыс Қазақстан облысы ІІД Жедел ден қою арнайы жасағының инспекторы Екатерина Ларионова «полиция лейтенанты» арнайы атағын алды. Сондай-ақ, ҚР ҰҰ спорт командасының жаттықтырушысы Әділбек Ниязымбетов пен Иван Дычкоға мерзімінен бұрын «капитан» әскери шені берілді.
Спортшылар Арли Чонтей, Маргарита Елисеева, Екатерина Руденко мен ҚР Ұлттық ұланының әскери қызметшісі Тимур Хайдаров ҚР ІІМ-нің Құрмет грамотасымен марапатталса, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Т. Құлыбаевқа «Динамо қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін» алтын төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ, Министр Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің жаттықтырушылары мен тәлімгерлеріне, бесінші және алтыншы орын алған динамолық спортшыларға құрмет көрсетті.
Салтанатты шараның аясында Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген өнер қайраткерлері мен ҚР Ұлттық ұланының ән-би ансамблі жиналғандарға концерт қойып, ерекше көңіл-күй сыйлады.