Маусым айы динамолық спортшы қыздарымыз үшін жемісті басталды. Себебі, Моңғолия астанасы Ұлан батырда әйелдер күресінен өткен Азия чемпионатында Екатерина Ларионова алтыннан алқа тағынып, мерейімізді асырды. Байрақты біріншілікте Азия құрлығынан келген 10 елдің балуан қыздары бақ сынаған болатын.
Оралдық тәртіп сақшысы полиция кіші лейтенанты Екатерина Ларионова бұл сайыста аянып қалмай, бар күш-жігерін жұмсады. Талай додада топ жарып жүрген спортшы қызымыз бұл жолы да әдісінен жаңылмады. 63 келі салмақ дәрежесінде белдескен динамолық спортшы, әуелгі кездесуінде өзбек қызын 10:0 есебімен ойсырата жеңіп, алтыннан үмітті екенін бірден аңғартты. Екінші белдесуде жапандық спортшыдан басым түссе, соңғы ақтық сында жарыс иелері моңғол спортшысын қапы қалдырып, біріншілік тұғырына көтерілді. Көк туымызды желбіретіп, елімізге жеңіс сыйлаған Катя осымен төртінші мәрте Азия чемпионы атанып отыр. Ал, Азия чемпионатынан кейін журналистермен ой бөліскен Катяның әкесі әрі жаттықтырушысы Алексей Ларионов: «Бәрі ойдағыдай өтті. Тек, жапондық спортшымен боз кілемге шыққан кезде төртінші белдесу қиынға соқты. Себебі, ол 3 ұпай жинап, алға озып тұрған. Бірақ, намысқа тырысқан Катя оны алып ұрып, арқасын жерге тигізді. Осылайша жеңісті жұлып алдық» деді. Сондай-ақ, Азия біріншілігнен келе сала Павлодар қаласында өткен ел чемпионатына қатысқан Екатерина Ларионова, тағы да алтын медаль иеленіп, Қазақстан чемпионы атанды. Енді спортшы қызымыз Хорватияда өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатына дайындық үстінде.
Батыс Қазақстандық сақшылар өз әріптестерінің спорттағы жетістігімен жігерленіп, Катяны және оның жаттықтырушы – Алексей Ларионовты осынау ұлы жеңісімен құттықтап, «жұмысыңыз жемісті болып, спорт әлемінде біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасының атын шығарып, жаңа да жарқын жеңістерді бағындыра беріңіз!» – деген тілек білдіреді.
Жеңіс жолын жалғастырған Ларионова
- 1 июля, 2014
- 9:52 дп