«ГВАРДЕЕЦ» КОМАНДАСЫ ЧЕМПИОН АТАНДЫ

2022 жылдың мамыр-қазан айлары аралығында Астана қаласының әуесқой командалары арасында AFL (Astana Futbol Ligasy) іс-шаралар күнтізбесі аясында шағын футболдан бірінші лига турнирі өтті.

Жазғы біріншілікке 70-тен астам команда қатысқан болатын. Сол жолы Ұлттық ұланның «Гвардеец» құрама командасы 1-ші лигада жалпы командалық І орынды иеленіп, автоматты түрде AFL жоғары лигасына өткен еді.

Бұл жарыстардың мақсаты жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, спорттық жарыстарға тарту, шағын футболды дамыту және насихаттау болды.

Үздік атақ үшін 12 команда бақ сынасты. Нәтижесінде «Гвардеец» командасы 40 ойын ұпайын жинап, қарсыластарының қақпасына 63 гол соқты. Осылайша AFL жоғары лигасына ауысумен қатар, бірінші лигада мерзімінен бұрын жеңіске жетті.

Турнир қорытындысы бойынша «Гвардеец» командасының қатысушысы сержант Азат Мұратов «Үздік шабуылшы» номинациясымен марапатталды.

— 2019 жылғы мамырда ел Президентінің бұқаралық спортты дамыту жөніндегі Жолдауын іске асыру мақсатында AFL лигасы құрылды. Біздің турнир 2021 жылы ковидтік шектеулер алынып тасталғаннан кейін басталды. Біз үшін бірінші кезең 3-ші лигаға қатысу болды, онда біз 2021 жылы табанды күресте күміс жүлдегер атандық. Содан кейін командамызда біраз қиындықтар, құрамында өзгерістер болды. Алайда жаттығуды қиындатып,  ерік-жігерімізді жинап, биылғы 1-ші жазғы біріншілік лигасында алтынға қол жеткіздік. Кездесулер тартысты өтті, командалар бәсекелестік рухын көрсетті, ойындарда көптеген шиеленісті сәттер болдыКомандамыздың негізін 5573, 3656 және 6636 әскери бөлімдерінің офицерлері, келісімшарт бойынша әскери қызметшілері және сарбаздары құрайды. Туыстарымыз бен жақындарымыз бізді қолдап, жеңіске жігерлендірді, — дейді «Гвардеец» командасының капитаны 3656 әскери бөлімінің әскери қызметшісі аға лейтенант Марлен Мұстафин.

Команда капитаны Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығына әскери қызметшілердің жеке құрамын елорданың спорттық өміріне араласуына, түрлі жарыстарға қатысуына мүмкіндік жасағаны үшін зор алғыс білдірді. Сондай-ақ, команданың негізін қалаушы және ресми өкілі подполковник Аян Қасеновке, демеушілер Біржан Таукенов пен Мақсат Ермосыновқа көрсеткен қолдаулары және ұйымдастырушылық қабілеттері үшін ризашылығын жеткізді. «Бұл кісілердің командаға қосқан үлесі орасан зор. Командаластарыма да дән ризамын. Қатаң тәртіптің, ұйымшылдықтың және еңбекқорлықтың арқасында жеңіс тұғырына лайық екенімізді дәлелдей алдық, — дейді «Гвардеец» капитаны.

Астана футбол лигасының негізін қалаушы Мұрат Елеупов «Гвардеец» командасын лигадағы тамаша жеңісімен және олардың AFL жоғары лигасына өтуімен құттықтады.

  • Команда ойыншылары мықты жауынгерлік рух танытты. Алдағы уақытта да оларға сәттілік тілеймін, өйткені жоғары лигада Астана қаласының ең мықты командалары ойнайды, — деді AFL басшысы.

Марапаттау рәсімінде ұйымдастыру комитеті ақтық сында бақ сынасқан командаларға анайы кубоктар, дипломдар мен естелік медальдар табыс етті.