Биылғы Олимпиада ойындарында күрес түрлерінен ерлер командасы (грек-рим және еркін күрес) еш жүлдеге ілікпегенімен, балуан қыздарымыз ерлік жасап, тарихи жетістікке қол жеткізді. Балуандардың тәлімгері Қайрат Сағадиев төрткүл дүние бәсекесіне 4 спортшы әкелсе, оның үшеуі жүлделі орыннан көрінді. Динамолық балуандар Гюзель Манюрова күміс медаль, Эльмира Сыздықова мен Екатерина Ларионова қола медаль иеленді.
Бас бапкердің өзі атап көрсеткендей, төрт қыздың үшеунің жеңіске жетуі – үлкен жетістік. Әйелдер күресінен жарыс жолына алғашқы күні Жұлдыз Ешімова (48 келі) мен Эльмира Сыздықова (69 келі) шықты. Айта кететініміз, жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алған Жұлдыз қызымыздың да жүлдеден үміті болған еді. Бұл белдесулерде әуелі америкалық Хэйли Рут Аугеллоны жеңген жерлесіміз, қола жүлде үшін болған тартыста қытайлық сун Яньянға есе жіберіп алды. Алайда, оның боз кілемде кеткен есесін Эльмира Сыздықова қайтарды. Ол Олимпиаданың беташар белдесуінде Наталья Воробьевадан (Ресей) ұтылып қалғанымен, бұл қарсыласы финалға шыққасын Эльмира жұбаныш белдесуінде күресетін болды. Бұл кезеңде моңғолиялық Насанбурнаа Очирбатты (Моңғолия) жеңген балуан қызымыз, қола жүлде үшін мысырлық Енас Мұстафа Юссеф Ахмедпен белдесті. Қарсыласын жеңген жерлесіміз Олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Эльмира Сыздықова – әйелдер күресінен рет бойынша қазақстанға жүлде әкелген үшінші балуан және қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы Олимпиада жүлдегері.
Жарыстың екінші күнінде балуан қыздар бір күміс және бір қола медаль олжалады. Ел намысын 63 келі салмақта қорғаған Екатерина Ларионова жұбаныш белдесуінің алғашқы сынында швециялық балуан Хенна Йонхенсонды 5:0 есебімен ұтты. Екінші белдесуінде АҚШ балуанын таза ұтып, Рио Олимпиадасының қола медалін жеңіп алды. Ал осы сәтте тағы бір жерлесіміз Гюзель Манюрова ақтық сынға шыққан болатын.
Ару қызымыз Олимпиада ойындарының финалына шыққан сәтте, «алтынның ауылы алыс емес» деп, бөркімізді аспанға атып қуанғанымыз рас. 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша финалдық белдесуде 38 жастағы отандасымыз канадалық Эрика Уибемен кездесті. Жекпе-жектің алғашқы кезеңінде жерлесіміз шабуылдау кезінде қарсыластың әдісіне түсіп қалды. Осылайша, бірінші үш минуттықта 27 жастағы канадалық 2 ұпаймен алға шықты. Келесі кезеңде Уибе басымдық танытып, ұпай санын арттыра түсті. Қорытынды есеп 6:0. Айта кетейік, Гюзель Манюрова осымен үшінші мәрте Олимпиада ойындарының жүлдегері атанып отыр. Ол 2004 жылы Ресей құрамасының сапында Афины Олимпиадасынан күміс жүлде иеленсе, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында қола медаль еншіледі.