Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы Әскери академиясының базасында Қысқы Президенттік көпсайыс бойынша біріншілігі өз мәресіне жетті. Бір қызығы, бұл жолы өздерінің спорттық шеберліктерін ерлер ғана емес, әйелдер де көрсетті.
Айтулы, сайысқа «Орталық», «Оңтүстік», «Батыс», «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтары, Ұлттық Ұлан академиясы командалары, сондай-ақ 5573, 6654, 3656 және 6636 әскери бөлімдерінің командалары қатысты. Чемпионатқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен ат-терлетіп келген 60-қа жуық спортшы қатысты.
Сайыс барысында ұландық спортшылар пневматикалық винтовкадан атудан, белтемірден тартылудан, 10 шақырымдық шаңғы жарысынан және патрульдер эстафетасынан сайысқа түсті.
Үш күн бойы қатысушылар арасындағы қызу күрес үш жарыстың әр кезеңінде, жеке және командалық есепте жүргізілді. Жеңімпаздар әр жаттығу бойынша жиналған балдардың максималды сомасы бойынша анықталды.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Ұлттық ұлан академиясының командасы жеңімпаз атанды, «Орталық» өңірлік қолбасшылығы командасы екінші орынға ие болды, үздік үштікке 5573 әскери бөлімінің командасы аяқ тіреді.
Қысқы Президенттік көпсайыс бойынша Чемпионаттың жеке сынағында Ұлттық Ұлан академиясының дене шынықтыру және спорт кафедрасының аға оқытушысы подполковник Мақсат Нүсіпов чемпион атанды, әйелдер арасында 6637 әскери бөлімінің әскери қызметшісі қатардағы қызметкер Оксана Барсай үздіқ көрініп, жеңімпаз болды.
— Әскери қызметші әйелдер үшін спортта ерекшелік болмауы тиіс, керісінше мықты, жылдам, күшті болуға міндетті Мен негізінен атыс пен шаңғы жарысына аса назар аударамын. Бұл өте ауыр спорт түрі. Көпсайыстағы ең негізгі спорт түрі.Осындай республикалық жарыстарға алғаш рет қатысып отырмын, мен алдыма басты мақсат қойдым: жаттығулардың барлық түрлерінде тек жүлделі орындарды алуға тырыстым, — деді Оксана Барсай.
Жарыс қорытындысы бойынша гір қоссайысы бойынша өз салмақ дәрежесінде Ұлттық Ұлан академиясының 4 курс курсанты Дархан Сағынтай ( 63 келіге дейін), 6654 әскери бөлімінің маманы (гранатометші) қатардағы жауынгер Сергей Брылевский (73 келіге дейін), Ұлттық Ұлан академиясының 3 курс курсанты сержант Қасен Оразбай (85 келіге дейін), 6506 әскери бөлімінің маманы (нысанашы) қатардағы жауынгер Жамбыл Оспанов ( 95 келіден жоғары) жеңімпаз атанды.
Гір қоссайысы бойынша жалпы командалық есепте Ұлттық ұлан академиясының әскери қызметшілері командалық есепте жеңімпаз атанды. Екінші орынды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының командасы иеленді. Үшінші орынды «Орталық» өңірлік қолбасшылығының командасы міссе тұтты.
-Бұл жарыстар біздің әскерлерімізде жыл сайын офицерлердің, келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің, курсанттардың, мерзімді қызмет сарбаздарының жеке құрамының дене шынықтыру және әскери-кәсіптік даярлығын арттыру мақсатында өткізіледі және оған алғаш рет әскери қызметші әйелдердің қатысқаны аса қуантады-дейді Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының дене шынықтыру және спорт бастығы полковник Александр Апасов.
Салтанатты рәсімде жеңімпаздарға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов атынан кубоктар, медальдар, грамоталар және бағалы сыйлықтар табысталды.