Айтбаев Темірлан Бақытжанұлы: «Спорт –адамды тәртіпке үйретеді»

040Жыл сайын дәстүрлі түрде тамыз айының үшінші жексенбісінде дене шынықтыру қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – Спорт күні аталып өтіледі. Биыл аталған мереке 17-18 тамызда өтеді. Спорт күні қарсаңында Алматы қаласы Ішкі істер департаменті қызметкерлерінің дене тәрбиесін жетілдіріп, оларды спортқа баулып жүрген Темірлан Айтпаевпен тілдескен едік. Сонымен назарларыңызға Алматы қаласы ІІД Кадр жұмысы басқармасының Кәсіби және психологиялық дайындықты ұйымдастыру бөлімінің аға инспекторымен болған сұхбатты ұсынамыз.

– Темірлан Бақытжанұлы, алда Спорт күні мерекесі келе жатқаны белгілі. Осы атаулы күнге орай қандайда бір іс-шаралар өткізу жоспарларыңызда бар ма?

– Жаз уақытында көптеген қызметкерлеріміз демалысқа шығатын болғандықтан бұл айда үлкен жарыстар өткізу қолға алынбаған. Жалпы бізде жыл бойы өтетін жарыстардың, спорттық шаралардың тізбесі жыл басында алдын ала жасалып қояды. Яғни, бір уақытта оқ атудан, тағы бір кезде футболдан, самбодан, жүгіруден деген сияқты әр кезеңге бөліп тастаймыз. Осындай жарыстардың бірі қыркүйек айында Павлодар қаласында өтпек. Онда Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары мен күш құрылымдары арасында жеке-командалық жауынгерлік қарудан оқ атудан «Динамо» ДШСҚ ҚБ мен ІІМ ашық Чемпионаты өтеді. Қазір осы аталған чемпионатқа әзірленудеміз.

– Жаңағы айтқан чемпионатқа аттанр алдында өз қызметкерлеріңіз арасында іріктеу жарысын өткізесіздер ме?

– Әрине, мұндай іріктеу жарыстары жыл басында өткізіліп, өз құрамамыз жасақталған. Бұл жерде тек оқ атудан ғана емес, спорттың барлық түрінен жарыстар өткізіліп, әр спорт бойынша үлкен жарыстарға қатысатын адамдар іріктеліп қойылғандығын және солар әрқашанда жарыста топ жару үшін шеберліктерін шыңдап жүргендігін айтып өткім келеді. Сондықтанда ІІД-нің самбо, қоян-қолтық ұрысы, жүгіру, оқ ату, футбол, волейбол және тағы басқа спорт түрлерінен өзінің құрамасы жасақталып болған.

– Қаламыздағы жеті ауданның ішкі істер басқармаларында қызмет атқарып жатқан тәртіп сақшыларының дәне тәрбиесін шыңдау да сіздерге артылған ғой. Осы тұрғыда не айтар едіңіз?

– Дұрыс айтасыз. Қаладағы жеті ауданның және Жол полициясы басқармасы, Полк, ШӘАЖ  (СОБР) және өзіміздің ІІД-нің барлық саласындағы қызметкерлердің денешынықтыру қабілетін жақсартып, спортқа баулу ісі бізге жүктелген. Негізі әр қызметкер аптасына 1,5 сағаттан екі рет спортқа уақыт бөлуі керек. Бұл уақыт оның жұмыс уақытыннан алынуы бұйрық бойынша міндеттелген. Сондықтан әр күнде әр құрылым өздеріне берілген уақыт бойынша келіп бізде жаттығып тұрады. Бізге негізінен Медеу, Алмалы, Жетісу аудандарының қызметкерлері және өзіміздің ІІД-нің ішіндегі көптеген құрылымдардың қызметкерлері келіп жаттығады.

Осы арада айтқым кеп отырғаны, күнделікті жаттықтыру жұмыстарынан өзге бұл қызметкерлер арасында үлкен жарыстар да ұйымдастырып тұрамыз. Кей жағдайда аудандық басқармалар шамасы келгенше өз ішінде әртүрлі сайыстар өткізіп жатады.  Ол көбінде мерекелік күндерге орай болады, яғни сол аудан әкімшілігімен келісіп, спорт залдарын дайындап өз іштерінде өткізіп жатады.

– Қызметкерлерді жаттықтырғанда негізінен спорттың қай түріне ден қоясыздар?

– Біздің басты міндет тәртіп сақшыларын физикалық тұрғыда шыңдап шығару. Яғни, «күш, қуат және шыдамдылық» дейді ғой. Біз осыған аса мән береміз. Олардың жылдамдығын арттыру үшін 100 метрге және 1-2 км ұзақтыққа жүгіруге үйретеміз. Белтемірге (турник), брусьяға тартылуға көп мән береміз. Сондай-ақ, қоян-қолтық ұрысының әдіс-тәсілдерін жасатып, әрқашан ширатып отырамыз. Бұлардың барлығы тәртіп сақшыларының қызмет барысындағы өте қажетті нәрселері. Қоғамдағы тәртіпті қадағалайтын адам болған соң, күнделікті өмірде оқыс жағдайлармен бетпе-бет кеп жатасың. Осы кезде қызметкерлеріміздің шапшаң қимылдап, қарсылық көрсеткен жанға тегеуірінді жауап қайтара білгені жөн. Спортпен үнемі айналыспайтын қызметкерлер, қылмыспен күрес кезінде өздерінің кемшіліктерін байқатып қояды. Жаттығу барысында сендер өз-өздеріңді қорғай алмасаңдар, елді қалай қорғайсыңдар деп қызметкерлірімізді әруақытта қайрап отырам.

Спорт – негізінен адамды тәртіпке үйретеді. Сондықтан спорттың адам өмірінде алар орны ерекше деп білем.

– Қызметкерлеріңіздің арасында спортты жанындай жақсы көретіндер бар ма?

– Әрине, спортты жан-тәнімен жақсы көретін, онсыз жүре алмайтын қызметкерлеріміз өте көп. Денешынықтыру дайындығы бойынша берілетін уақытты тиімді пайдаланып, дайындықтан қалмайтын жігіттеріміз мол. Тіптен, кейбір қызметкерлеріміз түскі үзілісті пайдаланып, спорт залда жүгіріп, бой сергітіп кетеді. Яғни, спортқа түбегейлі бет бұрмаса да салауатты өмір салтын сақтауға тырысатындар көптеп кездеседі. Мұның барлығы қызметкерлеріміздің өз денсаулығына салғырт қарамайтындығын көрсетеді.

Жалпы, үлкен додаларда топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жігіттеріміз көп. Әлем чемпионы атанып, халықаралық спорт шебері болған қызметкерлеріміз де жетерлік.

– Қызметкерлердің шеберлік тәжірибесін арттыруда қандай істер жүргізесіздер?

– Жылда жаз мезгілінде Департамент ақша бөліп, қызметкерлердің суда жүзу шеберлігін шыңдау үшін бассейн жалдайды. Көбінде қаладағы Спорт және туризм академиясының бассейніне барамыз. Онда су добынан спорт шебері Петр Хамяков деген кісі жаттықтырып, қалай жүзу керектігін үйретеді. Негізі суға батып бара жатқан адамға тәртіп сақшысы көмектесе білу керек. Міне, осы тұрғыдан алғанда кез-келген тәртіп сақшысы әртүрлі жағдайға сақадай сай болғаны жөн.

Одан кейін біздің балуандар, самбошылар Спорт академиясының халықаралық жарыстарға қатысып жүрген мықты деген спортшыларымен күресіп, тәжірибе алмасып тұрады. Спортшылар әрқашанда мықтылармен белдесуге шыққан сайын шыңдалып, машықтана түседі. Сондықтан қызметкерлеріміздің шеберлігін арттыру үшін көбірек жарыстар ұйымдастырып, олардың тәжірибе алмасуына жағдай жасап отырамыз.

– Өзіңіз жайында айта отырсаңыз, қандай спорт түрімен айналысқанды ұнатасыз?

– Жұмысымның өзі спортпен тікелей байланысты болғандықтан, әрине спортсыз жүре алмаймын. Спорттың бір түрімен тынғылықты айналысып жүргенім жоқ, дегенімен футбол, волейбол ойнаймын, қарудан оқ ату түрі де жаныма жақын.

– Спортта жеткен жетістіктеріңіз жөнінде не айтар едіңіз?  

– Шынымды айтсам, менде белгілі бір жарысқа беріліп қатысып,  жеңіске жетуім керек деген ой болмады. Үлкен спорттық жарыстарға қатысуға тіптен құлқым да болған жоқ. Енді спорттық жарыстарға мүлдем қатыспаймын деп айта алмаймын, өз ішімізде болатын сайыстарда кейде бой көрсетіп қалам. Онда да кейде жеңіп жатсаң, бірде жолың болмай қалады. Қатысқан ең үлкен жарыстарым өзіміздің ІІМ-нің чемпионаттары. Одан жоғары кәсіби жарыстарға бармадым. Қанша жыл спортта жүрсем де тек қарудан оқ атудан спорт шебері деген жалғыз ғана дәрежем бар екен. Сондай-ақ Президенттік көпсайыстан өткен биылғы спартакиадада қала бойынша бірінші орын алдым.

Мен спортпен біріншіден өз денсаулығым үшін, әрқашанда жақсы формада жүру үшін айналысам. Шындап келгенде, өмірімді спортсыз елестете алмаймын. Күнделікті жүгіру дағдыға айналды. Тіптен, волейбол ойнап немесе доп теуіп кетпесем тура алмаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Әділет мұсахаев