Ақ Универсиада алауы

Словакия мен Испанияда XXVII қысқы УниверсиадаСловакия мен Испанияда XXVII қысқы Универсиада ойындары аяқталды. 11 спорт түрінен 68 медаль жиынтығы сарапқа салынған додада 40-тан астам елдің спортшылары бақ сынады. Ал, қаңтардың соңғы он күндігінде басталған сайыс ақпанның 1-не дейін Словакияның Штребске-Плесо мен Осрбльеде қалаларында өтсе, кейін ақпанның 14-не дейін Испанияның Гранада қаласында жалғасын тапты. Бұл бәсекеде ел намысын қорғаған Қазақстан спортшылары командалық есепте үшіншілік тұғырына көтеріліп, тұңғыш рет жүлделі үштікті құрады.

Қысқы универсиада ойындарында топ жарған өрендеріміз 5 алтын және 6 күміс медаль еншіледі. Бір қуанарлығы, бәсекеде бағы жанған спортшылардың барлығы дерлік «Динамо» спорт қоғамының саңлақтары. Негізінде, қысқы Универсиаданың алғашқы күнінен бастап жақсы нәтиже көрсетіп, командалық есепте екінші орынға жайғасқан спортшыларымыздың Ресейден кейінгі орынды сақтап қалуға мүмкідігі бар еді. Алайда, алтын медаль санынан Оңтүстік Корея спортшыларымен тең түскенімізбен, күмісі көп кореялықтар алдымызды орап кетті. Денис Тен мен отандық шорт-трекшілердің бұл сайысқа қатыспағанын ескерсек, қазақстандық спортшылардың әлеуеті бұдан да жоғары екенін анық байқаймыз. Сонымен қатар, жерлестеріміз қысқы Универсиада тарихында алғаш рет алғашқы үштікке ілініп отыр. Себебі, біздің спортшылардың ең үздік нәтиже көрсеткен кезеңі  тек қана 2005 жылы Инсбуркте өткен қысқы Универсиада болатын. Онда спортшыларымыз 4 алтын, 1 күміс медальмен жетінші орын иеленген. Осыдан екі жыл бұрын Италияның Терентино қаласындағы додада 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медальмен 15-ші орынға тұрақтадық. Енді міне, есемізді қайтарып отырмыз.

Қысқы универсиада ойындарында топ жарған өрендеріміз 5 алтын және 6 күміс медальӘсіресе динамолық шаңғышы Анастасия Слонованың ерлігі талай спортшыға үлгі  боларлық іс. Ол шаңғы жарысынан спринт пен масс-стартта (15 шақырым) екі алтын, ал шаңғы жарысы (5 шақырым) мен  командалық  эстафетада (3х5 шақырым) екі күміс медаль еншіледі. Сонымен қатар динамолық өрендерден өзге де топ жарған спортшылар арасында алтыннан алқа тағынған Алина Райкова сынды биатлоншы қызымыз бар. Күміске қол жеткізгендер: Евгений Величко (шаңғы жарысы, эстафета, 3х7,5) және хоккейден ерлер құрамасы.

Елге оралған барлық жеңімпаз спортшыларға құрмет көрсетіліп, қаржылай сыйақы табыс етілді. Осы жолы бірінші орынға – 15 мың, екінші орынға – 10 мың және үшінші орынға 5 мың АҚШ доллары берілді.

Испанияның Гранада қаласындағы XXVII қысқы Универсиада ойындарының жабылу салтанатында Бүкіләлемдік студенттер спорты федерациясының президенті Клод-Луи Галльен Универсиада туын Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжоловаға табыстады. Себебі, келесі 2017 жылғы қысқы Универсиада ойындары Алматы қаласында өтетіні баршамызға белгілі. Әрине, Қазақстан ТМД көлемінде қысқы Универсиаданы қабылдап отырған алғашқы мемлекеттердің бірі. Байрақты бәсеке 1973 Мәскеу қаласында жалауын көтерсе, 2013 жылы Қазан қаласында өткен болатын. Сондықтан бұл бізе үлкен жауапкершілік пен міндет жүктейтіні ақиқат.   2011 жылы қысқы Азия ойындарын ойдағыдай өткізген еліміздің мүмкіндігі жоғары. Ал, елімізге ақ Универсиаданың туын әкелген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова барлық спорт нысандарының 2016 жылдың басында дайын болуы керек екендігін жеткізді.

Әлбетте өз еліңде өтетін жарыстарда спортшыларға ерекше міндет жүктеледі емес пе?.. Себебі, биылғы сында үшінші орыннан көрінген спортшылар екі жылдан кейін Алатау бөктерінде басталатын сында бұдан да жоғары биікке талпынуы тиіс. Осыны түсінген Қазақстан студенттер спорты федерациясының президенті Қайрат Закирянов: «Өз жеріміздегі Универсиадаға дайындық жақсы жүргізілуде. Гранадада біз 11 спорт түрінің 7-нен ғана бақ сынадық. Кейін қалған спорт түрлерінен дайындықты пысықтау үшін әлі екі жыл уақытымыз бар. Бұл керлинг, шорт-трек, тау шаңғысы және фристайлдың жекелеген түрлері», — деп, келер күннен үміт көп екенін айтты.

XXVII қысқы Универсиада ойындарында топ жарған динамолық спортшылар:

Алтын медаль

. Анастасия Слонова – шаңғы жарысы, спринт1. Анастасия Слонова – шаңғы жарысы, спринт
2. Анастасия Слонова – шаңғы жарысы, масс-старт (аламан), 15 шақырым
3. Юлия Галышева – фристайл, могул (әйелдер)
4. Павел Колмаков – фристайл, могул (ерлер)

Күміс медаль
1. Анастасия Слонова – шаңғы жарысы, 5 шақырым
2. Қазақстан (Виктория Ланчакова, Анастасия Слонова, Анна Стоян) – шаңғы жарысы, әйелдер арасындағы эстафета, 3х5 шақырым
3. Қазақстан (Максим Браун, Анна Кистанова, Василий Подкорытов, Галина Вишневская) – биатлон, аралас эстафета, 2х6+2х7,5 шақырым
4. Қазақстан (Евгений Бондаренко, Александр Малышев, Марк Старостин, – шаңғы жарысы, ерлер арасындағы эстафета, 3х7,5 шақырым
5. Дмитрий Рейхерд – фристайл, могул (ерлер)