Біз осы бендиді білеміз бе?

Бенди  қазіргі ұғым. Әйтпесе, қазақстандықтар кезінде допты хоккей десе ішкен асын жерге қоятын. Алматының «Динамо» командасы жасындай жарқылдаған өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары кімнің есінде жоқ. Александр Ионкин, Юрий Варзин, Сергей Бочков, Яков Апельганец,  Борис Чехлыстов, Серік Қабылбаев, Фарит Зингангиров, Леонид Лобачев, Евгений Агуреев, Николай Шмик…

Айдын бетінде құйындай жүйткіп, қарсыластар қақпасын қақырата гол соғатын алматылық ұшқыр ойыншылар «Динамоның» атағын жалпақ әлемге жария етті. Алматы допты хоккей мектебі Одақ көлеміндегі ең мықтылардың бірі саналатын.

Қыстың қандай аязында да ашық стадионда мұз үстін өрнектеп, Мәскеудің «Динамо», Свердловскінің СКА, Хабаровскінің СКА, Ульяновскінің «Волга», Красноярскінің «Енисей», Красногорскінің «Зорький», Калининградтың «Вымпел» сияқты атағы жер жарған клубтарын жерге қаратып, барша жанкүйердің көңілін шаттандыратын ойыншыларымызды орынды мақтан етуші едік. Допты хоккейден КСРО құрама командасының сапында алматылық біраз жігіттер өнер көрсетті. Ол кезде Алматының «Динамосы» бүкіл Қазақстан жұртының  мәртебесін көтеретін. Эдуард Айрих пен Қазбек Байболов сынды майталман жаттықтырушылардың  есімдерін еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін білетін.

«Кәсіби тұрғыда олар бірін-бірі толықтырып тұратын. Эдуард Фердинадович тамаша ұйымдастырушы  болды. Темірдей тәртіптің адамы.  Ал Қазбек Дәулетбекұлы  команданың басы. Ол тактик әрі стратег еді»  дейді бүкіл спорттық ғұмырын «Динамоның» құрамында өткізген Николай Шмик бүгінде.

Расында, сол ұлы жаттықтырушылардың арқасында Алматының «Динамосы» бірнеше мәрте КСРО чемпионы атанды, талай рет  күміс және қола жүлдегер болды.

Одақ тарағаннан кейін тоқсаныншы жылдардың басында допты хоккейдің шамын жаққан керемет команда тарап кетті. Онымен бірге Қарағандының «Литейщигі» де жоғалды. Сөйтіп Қазақстанда дәуірлеп тұрған еліміздің мақтанышына айналған допты хоккей тарих жылнамасына жазылып қала берді.

Мүлде жойылып кетер ме еді, егер батыстағы «Ақжайық» болмаса.  Қазақстанда бұл күндері допты хоккей тек Орал қаласы үшін  ғана керек сияқты. Ресей чемпионатында өнер көрсетіп жүрген «Ақжайық» сол баяғы аты аңызға айналған «Динамоның» жаққан отын сөндірмей келе жатқан жалғыз клуб. Қазақстанның атын  әлемдік деңгейде  танытып жүрген  команда десек еш қателеспейміз.

Таяуда ғана бендиден өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрама командасы үшінші орынды жеңіп алды. Бұл біздің команданың әлем біріншілігіндегі екінші қола медалы. Жетістік пе? Өзге спорт түрлерімен салыстырғанда әрине, жетістік. Құраманың сапын негізінен «Ақжайық» ойыншылары құрайды. Оралдық клуб ел құрамасының міндетін атқарып жүр.

Ал жоғарыдағы жауапты спорт шенеуніктері, Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі Қазақстанда ежелден қалыптасқан, дүниежүзілік бәсекелерде қоржынымызға медаль салып,  елдің атын шығаратын спорт түріне  сыңар көзбен қарайтын сияқты. Әйтпесе, оны дамыту жайы неге назардан тыс қалады? Орал қаласынан басқа жерлерде бендиді қолға алуға, балалар мен жасөспірімдерді осы спортқа тартуға, сөйтіп, оның бұқаралығын арттыруға болмай ма? Біздіңше,  бенди – халықтық спорт түрі. Кез келген мұз айдынында, өзен-көлдің үстінде  ауыл балалары аяғына коньки байлап, ағаштан  таяқ жасап, хоккей ойнап жатады. Бұл – балалардың бойында допты хоккейге деген  бейімділік ерте бастан  қалыптасады деген сөз. Оны ары қарай өркендетіп, дұрыс жолға салып, кәсіби деңгейде жаттықтырса, талантты балаларды іздесе,  талай жақсы спортшылар тәрбиелеуге болар еді.

«Ақжайықтың» құрамында Рауан Есалиев, Ілияс Хайрекешев, Нариман Тақыров, Еламан Әліпқалиев, Арыстан Қазыбаев, Ескендір Нұғыманов, Аскар Темірғалиев, Нұрлан Оразғалиев, Самат Аманшин сияқты қазақ жігіттері ойнақ салған, бүгінде Новосібірдің «Сибсельмашы» аттай қалап алған Рауаннан басқалары әлі ойнап жүр. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 2011 жылғы Азидада алтыннан алқа таққан да осы жігіттер. Шеберліктері ешкімнен кем емес, құйындай жүйткіп, мұз үстінде ойнақтағанын көрсең, қарап тұрып сүйсінесің. Арасында жасындай жарқырап Әлібек Рысбеков, Болат Мұхит, Максим Өтебалиев, Руслан Мұханғалиев, Арман Тілеубергенов, Уәли Қисамбаев секілді жастар желкілдеп өсіп келеді. Ендеше  футболда еңсе көтере алмай жүргенше, қазақтың ұлдарынан  бендидің шеберлерін даярлай түсу, барларына қамқор қолды созу керек шығар. Аты «Астана» емес демесең, халықаралық жарыстардан ұдайы жүлде салып, ел атын аспандатып жүрген бұл спорт саласын «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының құрамына тарту мәселесін де ойлайтын кез келген секілді. Спорттың маңайында жүрген шенеуніктердің құлағына алтын сырға дейік мұны!

Бір өкінішті жайт, таяуда ғана әлем чемпионатындағы ойындарда қола жүлде алған Қазақстан құрамасының сапынан Рауаннан басқа қазақ жігіттерін көре алмадық. Команда жаттықтырушылары негізінен өзгелерге, әсіресе Ресейден келгендерге арқа сүйеген. Егер осылай жалғаса беретін болса, біз айтып отырған үкілі арманның күлі көкке ұшады. Мәселе, «жаман үйдің қонағы билейдіге» жеткізбеуде тұр.

Айдана Есембаева, Халық сөзі газеті