Қыркүйек айының 24 мен қазанның 1 аралығында «Динамо» спорт қоғамының спартакиядалық бағдарламасы аясында Алматыдағы күш құрылымдар арасында шағын-футболдан сайыс өтті. Дәстүрлі түрде жылда өткізіліп келе жатқан бұл спартакидаға ҚР ҰҚК ШҚА, Алматы қ. ІІД, ҚР ҰҚК ШҚ, ҚР ІІМ Академиясы, ҚР ҰҚК ШҚ «Шығыс» АБ, ҚР Гвардиясы, ҚР ІІМ Оқу орталығы, ҚР ҰҚК Академиясы, ҚР ІІМ ІӘ және тағы басқа күштік құрылымдар қатысты.
Бір аптаға жалғасқан бұл тартысты додаға 12 команда қатысып, жеңіс тұғырынан көріну үшін барлығы да аянып қалмады.
Жарыстың алғашқы күндері спортшылар жарыс ережесі бойынша 4 топқа бөлініп, өзара бақ сынасты. Олардың ішінен іріктеліп шыққан 8 команда ширек финалға жолдама алды. Жарыстың ең қызықты да, тартысты кезеңі осы тұстан басталды десек артық болмас. Өйткені әр команда жеңісті қолдан бермес үшін, намысқа тырысып, жеңісті тартып алу үшін үнемі шабуылдаумен болды.
Ал, жартылай финалға шыққан командалардың жарысына тоқталып өтер болсақ, бұл кезеңде бұрыннан дес бермей жүрген мықты командалар бір-бірімен қайта кездесті.
Алғашқы кездесу ҚР Гвардиясы мен Алматы қаласы ІІД-нің командалары арасында өрбіді. Бұл өте тегеуірінді тартысқа толы, әрі қызықты кездесу болды. Өздеріне берілген уақыт аралығында екі команда да ешбір гол соға алмады. Тек қосымша уақыт берілгенде ғана есеп ашылып, 2:1 ұпайымен гвардиялықтар ақтық сынға өтті.
Екінші кездесу Қылмыстық-түзету жүйесі департаменті (ДУИС) мен ҚР ҰҚК ШҚА арасында өтті. Жарыс барысында Шекара қызметінің Академиясы өздерінің мықты команда екендіктерін байқатып 0:3 ұпайымен айқын басымдылыққа жетті.
Сонымен неше күннен бері өтіп жатқан сайыстың ақтық сыңына да уақыт жетті. Бұл өте жауапты да, шешуші ойын болғандықтан спортшылар барын салды, әрі жанкүйерлер саны да молынан болды.
Жарыс ережесі бойынша әдеттегідей алаңға үшінші орынға таласатын командалар шықты. Бұлар Алматы қаласы ІІД мен Қылмыстық-түзету жүйесі департаментінің (ДУИС) командалары еді. Жеңіске бір қадам жақын тұрған екі команда да доп тебу шеберліктерін аянбай ортаға салды. Дегенімен ІІД-нің командасы сәтті өнер көрсетіп, жеңісті жұлып алды, есеп 3:2.
Ал бірінші орынға таласқан ҚР Гвардиясы мен ҚР ҰҚК шекара қызметінің Академиясы да тартысқа толы ойын көрсетті. Бұл кезде жиналған жанкүйерлерде көп еді, әрине олардың басым көпшілігі әскери адамдар болатын. «Ой, әттең», «Ұрсаңшы, не қарап тұрсың» «Жүгір»,- деп айқайлаған жанкүйерлердің қобалжып, өз командаларының жеңісі үшін көрсеткен қолдаулары стадионды басына көтерді десекте болады. Иә, футбол ойынының кереметтілігі де сонда болар, бүкіл жанкүерлер спортшының әр қадамына, әр соққысы үшін алаңдап, жандарын шүберекке түйіп отырады.
Сонымен бұл кездесуде де гвардиялықтар өздерінің ептіліктерін байқатып 2:0 есебімен жеңіс тұғырына шықты.
Бұл шараны ұйымдастырып, басы-қасында жүрген «Дианмо» ДШСҚ бұқаралық-шараларды ұйымдастыру бөлімінің маманы Валентина Картавцеваның айтуынша, жылда өткізілетін бұл спартакида өзінің нәтижесін беруде. «Биылғы жарысқа 12 команда қатысып отыр. Бұл былтырғыға қарағанда көп. Яғни, күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының біз өткізетін жарыстарға қатысуы жоғарылап келеді. Және жарысты өткізу ауқымы да жыл сайын кеңейіп келеді», дейді маман.
Әділет Мұсахаев