Жуықта «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамының облыстық филиалы мен Батыс Қазақстан облыстық ІІД бірлескен бастамасымен облыстағы бірнеше құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында көпшілік-спорттық шара өтті. Жарысқа қатысушылар армрестлинг және кір тасын көтеру бойынша бақтарын сынады.
Армрестлингтен 65 келі салмақ дәрежесіне сынға түскендер арасында білек күшімен көпті жығып, жүлделі орыннан көрінген қызметкердің бірі – Мерлан Адиетов. Ол – Орал қалалық ІІБ әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы, полиция аға лейтенанты. 2009 жылдан бері қатарларында қызмет етіп келе жатқан оны әріптестері мақтан тұтады. Оны соңғы жеңісімен құттықтаған ұжымы: «Біздің Мерлан кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ювеналды топтың мақтанышы. Жігітіміз жеңіспен оралды. Білек күші мықты спортшының жеңістері алдағы күндердің күн парағында жазулы», — дейді қызметтестері.
Біздің кейіпкеріміз Мерлан балалық шағынан бастап спортты жанына серік еткен жан. Мектеп бітіріп, сутдент атанған кезінде де жиі-жиі спорттық жарыстарға қатысып жүрген. Ол 2012-2013-жылдары Орал қалалық ІІБ ұйымдастыруымен өткен жарыстардың барлығына қатысып, жеңімпаз атанғанын білеміз. Бұл сөзімізге 2012-жылы армрестлингтен өткен турнирде бас жүлдені жеңіп алғаны дәлел бола алады.
Сондай ақ, оның отбасына тоқталсақ, жарыстан жеңіспен оралған спортшыны үйінде жылы шыраймен күтіп отыратын жары мен екі ұлы бар. Әкелерін мақтан тұтатын ұлдары Ғайса мен Әлім әрқашан оның медальдарын өңірлеріне тағып, диплом мен грамоталарын қолдарына ұстап жүгіріп жүреді. Осылайша бізбен қысқаша ой бөліскен Мерлан, болашақта ұлдарының да өзінің жолын қуып, еліміздің байрағын көкке көтеретін спортшы болып өсетініне сенімді екенін жеткізді.
Тынымсыз қызметімен қатар ол №11-учаскелік полиция пунктіне қарасты «Айгүл» шағын ауданындағы №16, №23-мектеп оқушыларының тәртібіне де жауапты адамның бірі. Қызметін спортпен ұштастырып жүретін Мерлан органға жаңадан қызметке тұрып жатқан мамандарға үлгі етерлік тұлға.
Гүламан Исмагулова,
Орал қ.ІІБ баспасөз қызметкері