Жеңіс – күштілерге бұйырды

Ағымдағы жылдың 20-23 қыркүйегінде ТМД-ға мүше мемлекеттердің шекара ведомстволарының арасында қоян-қолтық ұрысынан өткен халықаралық сайыс тартысты болғанын айтуымыз керек. ТМД Шекара әскерлері Қолбасшылары Кеңесінің кубогы сарапқа салынған чемпионатқа Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжікстан Республикасының құрама командалары қатысып, күш сынасты.

ҰҚК Шекара академиясының кең сарайдай спорт залында өткен халықаралық сайыс бірінші күннен-ақ жанкүйерлердің делебесін қоздырып әкеткен. Дегенмен, әңгімені басынан бастайық. Құрылғанына үстіміздегі жылы тура 30 жыл толған ТМД-ға мүше елдердің ШӘҚК ұйымдастырған дода шекарашылар академиясының әскери оркестрі бастаған өнерпаздар ұжымы дайындаған шағын концерттік бағдарламамен ашылды. Осылайша, күш сынасу үшін шиыршық атып тұрған сайыпқырандар алдымен ән тыңдап, рухани күш алған соң бірнеше кезеңнен тұратын сайыстың өзіне де кезек берілген.

Сол-ақ екен, сайын даланың төсінде еркін көсіле шапқан сәйгүлікке айналып шыға келген спортшылардың арасында бәйгеге бергісіз тайталас басталған. Жоқ, шу дегенде, қазақстандық құрама команданың мықтылығы, жеңісті қолдан бермейтіндері білініп қалған…

Өзі де аяғына дейін солай болды. Сондықтан, топтың құрамына еніп, өз елінің намысын қорғау үшін аянып қалмаған әр спортшының атын атап, түсін түстеп жатпайық. Халықаралық деңгейдегі төрешілер қазылық еткен сайыстың қалай өткеніне көбірек тоқталғанды жөн көріп отырмыз.

…Алдымен шаршы алаңға 60 келі салмақтағы спортшылар шақырылды. Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасының қос сайыскеріне берілген уақыт – 5 минут. Осы уақыттың ішінде бірі екіншісінің тізесін бүгіп, жеңіске жетуге тиіс. Жетті. Қазақстандық өзінің қарсыласын 12-2 деген есеппен ойсырата жеңіп, жанкүйерлердің «уралаған» дауысы айға жеткендей болды…

Ортаға екінші болып шыққан 75 келі салмақтағы отандасымыздың қарсыласы ресейлік те жеңіліп қана қойған жоқ. Қоян-қолтық ұрысының шеберінен алған сұрапыл соққыдан кейін көпке дейін есін жинай алмай жатты.

Ортаға шыққан 85 келі салмақтағы сайыскерлердің шайқасы да қазақстандық құрама командасының пайдасына шешілді. Тіпті, тәжік шекарашыларының намысын қорғау үшін алыстан ат арылтып жеткен спортшылардың бірі айналдырған 30 секундтың ішінде нокаут алып, кілемнің үстінде сұлап жатты… Есеп 4-0: жеңіс қазақстандық спортшының қанжығасына байланды.  

Тәжік Республикасының 90 келі салмақтағы спортшысын 10-0 есеппен жерлесіміз жеңіп кеткені де жанкүйерлерге өлшеусіз қуаныш сыйлағаны анық.

Ресей Федерациясы мен Тәжікстан Республикасының атынан шыққан команда мүшелерінің тайталасы да  1 минут 11 секунтқа созылып, жеңіс ресейлікке бұйырды.

Сөйтіп, қара шаңырақ қазақстандық сайыпқырандарға күш бергендей, біздің құрама команда сайыстың алғашқы күнін жеңіспен аяқтады.

… Екінші күн де тағы бір нокаутпен «есте» қалатын секілді. Қоян-қолтық ұрысының талабы да сол емес пе, дәл тиген соққы ресейлікті қарсыласының алдында тізе бүктірді…

Міне, осындай соққылардың арасында кейбір спортшыларға медицина қызметкерінің көмегіне жүгінуге тура келеді. Лайықты бағасын беру керек, ҰҚК Шекара академиясы әскери-медициналық бөлімінің дәрігері медицина қызметінің аға лейтенанты Руслан Нарынов жарақат алушыларға шұғыл әрі сапалы алғашқы медициналық көмек көрсетіп үлгеріп жатты.

Чемпионат та аяқталып, командалардың жинаған ұпайларын есептейтін маңызды сәт туды. Сондықтан, берілген үзілісті пайдаланып, біз бүгінгі аламанның бас төрешісі ҚР ҰҚК Жауынгерлік дайындық басқармасының бастығы ұ.қ. полковнигі А.Кенжебаевты сөзге тартқан едік.

– Халықаралық деңгейдегі сайысты өте тартысты өтті деп айта аламын, — дейді Арман Қаржаубайұлы. Қатысушылардың барлығы дерлік «Халықаралық спорт шебері» «Спорт шебері», «Спорт шеберлігіне үміткерлер». Сондықтан, Ресей, Тәжікстаннан кіл мықтылар ғана келгенін  білуге болады. Әйтсе де, мен Қазақстан Республикасының шекарашылары атынан шыққан спортшылардың өнеріне тәнті болғанымды жасырмаймын. Біздің құрама команданың бірде-бір мүшесі жеңіліс тапқан жоқ. Керісінше, қарсыластарын ойсырата жеңіп отырды.  

…Ақыры үзіліс аяқталып, жеңімпаздарды марапаттауға кезек берілді. еліміздің намысын қорғаған майталмандар: С.Есенгелдин, М.Жұмағұлов, А.Шербаев, Б.Бектемісов, Қ.Үмбетқұлов, Р.Мәди, Б.Демей, Б.Жұбаныштар ТМД ШӘҚК Төрағасының грамотасымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Орын алған команда мүшелеріне ТМД ШӘҚК Төрағасының орынбасары генерал-лейтенант А.Буеров бастаған мәртебелі қонақтар салтанатты жағдайда табыс етті.

Сөйтіп, І-орынды Қазақстан Республикасының құрама командасы жеңіп алды. Жүлделі екінші орынға Ресей Федерациясының спорт командасы көтерілсе, үшінші орын – Тәжікстан Республикасының құрама командасына бұйырды.

Шаршы алаңның «шаңын» қаққан жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтаймыз!

Серіктестер
Видео