2020 жылдың 12 қарашасы күні сағат 10.00-де Жамбыл облысының Полиция департаментінде Халық қаһарманы Ғ.Байтасовты еске алу күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға Жамбыл облысы Полиция департаментінің басшылығы, Ғ.Байтасовтың туыстары, Жамбыл облысы мемлекеттік органдарының өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты. Салтанатты митинг Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Салтанатты гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін батырды бір минут үнсіздікпен еске алып, үш дүркін салтанатты салют атылды.
– Халық қаһарманы, ішкі істер органдарының үздік қызметкерлерінің бірі – ІІД жол полициясы жеке батальонының 1-ші взводының командирі полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың қаза болғанына биыл 9 жыл болды. Аз ғана ғұмырында асқан ерлігімен Отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктің биік өлшемін көрсеткен қаһарман әріптесіміздің ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі екені даусыз.
Тек нағыз патриот өзінің өмірі туралы ойламай, ерлікке бара алады. Осындай адамдардың қатарында террористің қолынан қаза тапқан жамбылдық полицейлер де болды. Жадымызда мәңгі сақталатын өзінің патриот ұлдарын Отанымыз ешқашан ұмытпайды, – деді Жамбыл облысының ПД бастығы Жанат Сүлейменов. Ғазиз Байтасовтың жұбайы Гүлжамал Тәжиева өз сөзінде Жамбыл облысының ПД басшылығы мен жеке құрамына отбасына жасаған қамқорлығы үшін алғысын білдірді.
Еске алу іс-шарасы Облыстық тарихи- өлкетану музейінде халық қаһарманы Ғ.Байтасовқа арналған стендтің ашылуымен аяқталды.