Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында жалауын көтерген XVII жазғы Азия ойындары аяқталды. Төрт жылда бір келетін додаға «сары құрлықтың» 45 елінен 13 мыңға жуық спортшы қатысты. Спорттың 39 түрінен бақ сынаған Қазақстан құрамасы бұл бәсекеге 420 спортшыны үкілеп қосты. Оның 200-ге жуығы динамолық өрендер.
Инчхондағы тартысты сайыстың ашылу салтанатында Лондон Олипмадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов ту ұстады. Ел құрамасына командалық есеп бойынша төртінші орын алу міндеті жүктелген еді. Себебі, осы сайыста Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея спортшыларын есептемегенде, Иран мен Тайланд спортшылары басты бәсекелесіміз атанды. Қазақ спортшылары алғашы жарыс күнінен бастап табысты өнер көрсетіп, бар күш-жігерін сарқа жұмсады. Бірақ, ізіміден өкшелей ерген Иран құрамасы да төртінші орыннан дәмелі еді. Азия ойындарының соңғы күндеріне дейін Иран елінің құрамасы алдымызды орап кете ме деген күдік орнады. Алайда, бір күнде алты алтын медаль олжалаған боксшыларымыз төртінші орындағы тұғырымызды беріктендіріп, мерейімізді асырды. Қазақстан құрамасы 28 алтын, 23 күміс және 33 қола медаль иеленіп, жалпы есеп бойынша төртінші орын алды. Спортшыларымыз Азия ойындарының тарихында мұндай жетістікке алғаш рет жетіп отыр. Әсіресе, спортшыларымыз еншілеген 84 медальдар жиынтығының 58-і динамолық спортшылардың жеңісімен келді. Оның ішінде 19 алтын, 19 күміс және 20 қола жүлде бар.
Енді ел намысын абыроймен қорғап, көк туымызды Инчхон төрінде желбіреткен спортшыларымызға мынадай ақшалай көлемде сыйлық беріледі: бірінші орынға 10 мың АҚШ доллары, екінші орынға – 5 мың АҚШ доллары, үшінші орынға 2 мың АҚШ доллары.
«Динамо» ДШСҚ-ның атынан жеңіске жеткен барлық спортшыларымызды құттықтап, жеңісті жолды жалғастыратын сәттеріңіз көп болсын дейміз.