«Бес қару» ойыны өз мәресіне жетті

 5 қазан күні ҚР ҰҚК Шекара академиясында  Алматы қаласы жастар саясатын дамыту басқармасының қолдауымен Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры бірлесіп Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына орай «Бес қару»  әскери-патриоттық ойынын өткізді.

Шекарашылар академиясынан аталмыш шараның жоғары деңгейде өтуіне тәрбиелік, әлеуметтік-құқықтық және идеологиялық жұмыстары басқармасының аға офицері майор М.Пірманова жауапты болды.  Оның айтуынша, шараға бас-аяғы 90-нан астам оқушы қатысып, 18 команданы құраған. Осымен бесінші рет ұйымдастырылып отырған спорттық ойында, оқушылардың әскери салаға деген қызығушылығы артып, алдағы уақытта Шекара академиясына оқуға келуіне себеп болады екен.         

Шараға Алматы қаласындағы мектептері әскери-патриоттық клубтарының ойыншылары қатысып, әр командадан 3 оқушы сайысқа түсті. Өз кезегінде шекарашы офицерлер мен курсанттар жарыстың әділ өтуіне төреші болып, оқушылардың әр қимылын жіті бақылады. Бұл тұрғыда полковник Қ.Мұхаметжанов жетекшілік ететін 3-оқу дивизионының курсанттары ерекше белсенділік танытты. Олар оқушыларға кедергілер жолағының ойын аймағын жіті түсіндіріп, қай жерден қалай өту керек екеніне  тоқталды.

«Спорттық іс-шара өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді ояту, Алматы қаласының демалыс орталықтарының жасөспірімдері мен жастары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ДО жасөспірімдері мен жастарын дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту мақсатында өткізілді», — дейді бізге берген сұхбатында ұйымдастырушылардың жетекшісі Бауыржан Маханбет.

Жарыс қорытындысын жариялаған әскери қызметшілер «Жас өрен» тобына бірінші орын берді. Өйткені, бұл ойыншылар кедергілер жолағын белгіленген уақытта жүгіріп өтті. Екінші орынды «Үркер» тобы иеленді бұл топтың ойыншылары да жылдам келуге тырысқанымен кедірегілердің кейбірінен сүрініп қайта өтуіне тура келді. Үшінші орын алған «Бәйтерек» тобының оқушылары, алдағы уақытта өтетін осындай шараға  жақсы дайындықпен келетініне уәде берді.        

Шара соңында жеңімпаз топтарға  ұйымдастырушылар  жастар саясатын дамыту басқармасының арнайы дайындаған сыйлықтары мен мақтау қағаздарын тарту етті. Содан соң барлық оқушылар шекарашылар әзірлеген дастарханнан дәм ауыз тиіп, естелікке суретке түсті.