Сәуірдің 23-27 күндері Астана қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтіп, боз кілемге шыққан балуандары қазіргі қазақ күресінің қарқынды дамып келе жатқанын тағы бір паш етті. Бес күн бойы ел ордадағы «Дәулет»спорт кешенінде күрестің көркін қыздырған сайысқа, Азия құрлығының 17 елінен 257 спортшы қатысты. Қазақстан да осы біріншілікке грек-рим, еркін және әйелдер күресінен сайдың тасындай іріктелген, ең мықты балуандарын қосқан болатын. Спортшыларымыз ел намысын жерге жықпай, тамаша ойын өрнегін көрсетті. Әсіресе, бөркімізді аспанға атып қуанғанымыз, Қазақстан құрамасы жалпы жиыны 14 медаль жеңіп алса, сол спортшылардың барлығы «Динамо» ДШСҚ қоғамдық бірлестігінің өкілдері болып табылады. Бұл «Динамо» спорт қоғамының тарихындағы ірі жеңістердің бірі.
Азия чемпионатында Қазақстан құрамасын баптап жүрген жаттықтырушыларға қолдан келгенше жеңіс жолынан көрінуге тапсырма берілген еді. Себебі, Иран, Оңтүстік Корея, Жапония және Үндістан елдері сайысқа толық құраммен келіп, өздерінің үздік балуандарын шығарды. Алайда, бапкерлеріміз бен спортшылрамыз сол үмітімізді ақтады.
Жарыстың алғашқы күнінде еркін күрестен белдесулер басталды. Ел қоржынына алғашқы әрі алтын медальды 57 келі салмақтағы Руслан Қалиев салып берді. Динамолық спортшы Руслан Қалиев финалды Моңғолия балуаны Дамдинбазар Цогтбахтхрмен белдесіп, 10:4 есебімен басым түсті. Әрине, жерлесіміздің қарсыласы жасы жағынан үлкен және тәжірибелі балуан. Алайда, Руслан Қалиев өзіне жүкетелген міндетті артығымен орындап шықты. Себебі, оған жоқ дегенде финалға шығу тапсырмасы жүктелген болатын. Белдесуден кейін журналистерге сұхбат берге ол ағынан ақтарылып: «Соңғы кездесу мен үшін өте ауыр болды. Және бұл біріншіліктің мен үшын маңызы зор. Осы арқылы әрі қарай жол ашылады» деді. Ал, Расул салған сара жол әрі қарай жалғасып, еркін күрестен тағы үш балуанымыз жүлделі орыннан көрінді. 84 келі салмақта Аслан Кахидзе күміспен күптелсе, 125 келіде Дәулет Шабанбай мен 61 келі салмақта Дәулет Низябеков қола медаль иеленді.
Ал, әйелдер күресінен балуан қыздарымыз да мерейімізді асырып, 5 медаль иеленді. Гюзель Манюрова шәкірттері арасынан алғашқы болып 48 келі салмақта Татьяна Аманжол алтыннан алқа тағынды. Одан кейін Айым Әбілдина(55 келі), Екатерина Ларионова(63 келі) мен Эльмира Сыздықова(69 келі) қола жүлде алды. Әйелдер күресінің соңғы күнінінде боз кілемге шыққан Гюзель Манюрова Қазақстан құрамасына тағы бір алтын медаль алып берді.
Таңат Сағындықов жаттықтыратын грек-рим күресінің балуандары жарыстың соңғы күнінде белдесулерін өткізген еді. Бұған дейін бас бапкер екі алтын аламыз деп уәде берсе, сол сертін орындап шықты. Нұрсұлтан Тұрсынов(85 келі) пен Ерұлан Ысқақов(98 келі) Азия чемпионы атанса, Мақсат Ережепов(66 келі) күміс, Досжан Қартықов(75 келі) пен Азамат Құстыбаев(80 келі) қола медаль еншіледі. Әсіресе, Ерұлан Қалиевтың финалдық белдесуде бар жоғы 28 секунд ішінде жапон балуаны Акира Осаканы тізе бүктіруі, жанкүйерлер үшын тосын сый болды. Өз кезегінде сөз алған грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Таңат Сағындық: «Мен сенген жігіттер жеңіп шықты. Бұл мен үшін үлкен қуаныш» деді. Айта кетейік, грек-рим күресінен ұлттық құрамамыз командалық есепте бірінші орын иеленді. Ал, жалпы командалық есеп бойынша тек Иран балуандарын алға жіберген Қазақстан командасы екінші орынға жайғасты.
Сонымен, Астана қаласында күрес түрлерінен өткен Азия чемпионатында 14 медаль жеңіп алған қазақ балуандарының ерлігі – «Динамо» қоғамдық бірлестігінің жеңісі болып саналады.
Балуандарымыз үздік нәтиже көрсетті
- 2 июня, 2014
- 11:45 дп