Алматы қаласында маусымның 20-21 күндері Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында «Денис Тен және оның достары» атты ғаламат мұзды шоу бағдарламасы өтті. Биыл үшінші жыл қатарынан қолға алынған шарада әлемнің мықты мәнерлеп сырғанаушылар даңқты динамолық сопртшы Денис Тенмен бірге мұз айдынын дүбірге бөледі.
Шоу алдында өзінің жоспарымен бөліскен отандасымыз: «Биылғы жылғы бағдарлама «бізде тәжірибелер болған алдыңғы форматтардан ерекшеленеді. Ол үшін шетелдіктер тартылды, қоюшысы — канадалық маман», — деп мәлімдеген болатын. Расында да, мәнерлеп сырғанаудан әлемнің шоқ жұлдыздары жиналған қауымды желпінтіп, керемет көңіл-күй сыйлады. Әсіресе, келген қонақтар қазақтың ұлттық киімін киіп мұз үстінде өнер көрсеткенде, ғажайып әсерге бөленбеген жан қалмаған шығар, сірә?! Олардың арасында Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей және Жапониядан келген қонақтар болды. «Салем Алматы!» деген ұранмен жүрген мұзды шоуды Оңтүстік Кореядан келген жас өнерпаз Су Ен Пак ашса, одан кейін айдынға канадалық спортшы Эладж Балде шықты. Осылайша бірінен кейін бірі шыққан әлемдік саңлақтардың өнеріне көрермендер тамсанумен отырды. Ал, өз кезегінде көрерменнің қошеметіне толқыған Денис Тен: «Құрметті қонақтар! Бүгінгі кешке келгендеріңізге мың да бір алғыс. Үшінші жыл қатарынан өтіп жатқан жобаға келушілер қатары сиреген емес. Бұл нағыз тарихи сәт. Тарихты біз сіздермен бірге жасаймыз. «Денис және достары» — бұл нағыз қазақстандық жоба. Біз бұл жобаны аяқтан тұрғызып, әлемге танытып келеміз. Командамның ерекше өнері үшін де бақыттымын. Жалғыз ештеңе жасамаған болар едім», — деді.
Мәнерлеп сырғанаудан әлем жұлдыздарының қатысуымен өткен мұзды шоу екі күнге жалғасты. Әр сәтте спорт сарайы көрерменге лық толып отырды. Бұл, біріншіден, жанкүйерлерінің даңқты спортшыға деген құрметін көрсетсе, екіншіден шараның өте жақсы деңгейде ұйымдастырылғанын білдіреді. Денис Тен өзінің бір сөзінде: «Жобаның басты мақсаты – қазақ елінің атын шығару, мәнерлеп сырғанау спортына жұртшылықтың қызығушылығын ояту. Қазақ елінің мәдениетін әлемге танытқым келеді. Сол үшін бұл жобада аянып қалмайтын боламыз», — деген еді. Үміт ақталды. Оның қазақ спортын өрге сүйреп қана қоймай, ұлтты ұлық ететін мәдениетіне еңбек сіңірсем деген талабы – еліне деген өлшеусіз махаббатынан туса керек. Өркенің өссін, Денис!