Сәуір айының басында 60 жасқа толатын Дәулет Темірхановтың есімі құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне етене таныс. Бірнеше жыл осы салада қызмет атқарып, ел тыныштығын сақтау жолында еңбек етіп келе жатқан ол – ҚР қоян-қолтық ұрыс федерациясының вице-президенті, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Сонымен қатар қазіргі таңда «Динамо» ДШСҚ Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары қызметін атқарады. «Динамо» спорт қоғамының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында Алматыға іссапармен келген ағамызбен жолығып, сыр шерттік.
— Дәулет аға, ең әуелі айтарым – алда келе жатқан 60 жылдық мерейтойыңыз құтты болсын! Қазақ халқы «алпыс – тал түс» деп жатады, расында алпыс жас қандай екен?
— Рахмет! Алпыс жас есікті қағып тұрса да, әлі де талай істі тындыруға болады деп есептеймін. Адамды адам ететін, өрге сүйрейтін еңбек қана. Сондықтан, шамам келгенше, еліміздің өркендеуі үшін еңбек ете беремін. Құдай соған нәсіп етсін деп тілеймін.
— Сіз құқық қорғау саласында ұзақ жыл қызмет еттіңіз. Ел тыныштығын қорғайтын ерлерді тәрбиелеп, шыңдау жолында талай жыл тер төктіңіз. Тіпті, сіздің «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшенің негізін қалаған жан екеніңізді кейбіріміз біле бермейтін секілдіміз…
— Иә, «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшенің алғашқы командирі болдым. Оның негізігін қалаған адаммын. Ұсыныс жасағаннан кейін, осы жұмысты атқардым. Себебі, бұл бөлімше шұғыл міндеттерді табысты орындауда маңызды құрамдардың бірі болы табылады. Осы бағытта елордамыз Астана қаласына ауысқанда мен сол жаққа бардым. Әрине, барлығын жаңадан бастадық. Арнайы мақсаттағы бөлімше атанғандықтан дене дайындығы мықты, шыңдалған, білімді қызметкерлерді қатарымызға тарттық.
— Ал «Динамо» спорт қоғамына қалай келіп едіңіз?
— Менің өмірім «Динамо» спорт қоғамымен тығыз байланысты. Жастық шағымның барлығы осы «Динамо» спорт қоғамында өтті. Сондау 1974 жылдан бастап динамолықтардың сапындамын. Енді қазіргі қызметіме тоқталсам, 2011 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін «Динамо» ДШСҚ төрағасының бірінші орынбасары Асқар Әлірахымұлы арнайы шақырып, «Астана қалалық филиалын қолға алсаңыз» деген ұсыныс айтты. Бірден келістім. Содан бері «Динамо» ДШСҚ Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасарымын.
— «Динамо» ДШСҚ Астана қалалық филиалының қазіргі жай-күйі қандай?
— Орталығымыздың қазіргі барысы ойдағыдай. 1964 жылы тұрғызылған ғимаратымыз бар. Онда 25 метрлік жүзу бассейні және жаттығу залдары жұмыс істейді. Бізге қойылған басты мақсат – қаладағы «Динамо» спорт қоғамының жұмысын жақсартып, дамыту болатын. Осы жолда қолдан келгенге қаракет жасап, барымызды салып істеп отырмыз. Қала бойынша бізге кіретін 12-ге жуық дене шынықтыру ұжымы бар. Олар қалалық ІІД, ТЖД және тағы басқалары. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысы бізбен тығыз байланысты. Бізге келіп, түрлі жаттығулар өткізіп, дене дайындықтарын шыңдай түседі. Өзіміз де оларға бар білген-түйгенімізді үйретеміз. Өйткені, түрлі қысылтаяң шақта құқық қорғау қызметкерлері дайын болуы тиіс. Сонымен қатар, жас динамошыларды тәрбиелеп, балалар спортына көп көңіл бөліп келеміз. Мәселен, мен алғаш келген кезде тек самбо үйірмесі ғана жұмыс істесе, қазір жас өрендер жаттығатын үйірменің саны 7-ге жетті. Атап өтсек, дзюдо, каратэ, таэквандо, бокс, жекпе-жек сайысы, жүзу және су добынан арнайы секциялар ашылған. Бұрын жаттығу залымыз көбіне бос тұратын болса, қазір таңғы сағат 8-ден кешкі 22:00-ге дейін адам аяғы үзілмейді. Бізге келіп, үйірмелерге қатысатын балалардың қатары өте көп. Егер біз елдің ертеңін ойласақ, ізімізді басып келе жатқан жастарға, әсіресе, балаларға көңіл бөлуіміз қажет. Бүгінгі бала – ертеңгі болашағымыз. Жас ұрпақ жаман әдеттен аулақ болуы үшін салауатты өмір салтын насихаттап, оларды спортты серік етуге шақыруымыз қажет. Спортпен шұғылданған баланың өзге жаман әдеттерге әуес болуға уақыты да табылмайды. Сонда ғана дені сау ұрпақ қалыптасады.
— Биыл «Динамо» спорт қоғамына 90 жыл толады. Торқалы тойдың дайындығы қызу жүріп жатыр. Еліміздің әр өңірінде мерейтой құрметіне түрлі шаралар өткізілуде. Сіздердің орталық тарапынан осы үлкен тойдың қарсаңында қандай шаралар атқарылуда?
— Біз «Динамо» спорт қоғамының 90 жылдық мерейтойына арналған дайындықты өткен жылдың желтоқсан айынан бастап кеткенбіз. Ең бірінші ғимаратқа ілінетін көрнекі заттарға мән бердік. «Динамоның» 90 жылдығына арналған, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы және Ұлы Жеңістің 70 жылдығы сөз етілген баннерді іліп қойдық. Себебі, орталығымызға күнде келіп-кетіп жүрген жандар біздің қоғамдық-саяси өмірімізде қандай жаңалықтар орын алып жатқанын білуі шарт. Сондай-ақ, «Динамо» спорт қоғамының 90 жылдығы» деген ұранмен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында үстел теннисінен жарыс өткіздік. Сірә, тағдырдың жазғанына көнгенімен, сынағына мойымаған жандардың жүзінідегі қуанышты көргеннен артық бақыт жоқ шығар.
Жақында ғана қоян-қолтық ұрыстан қалалық біріншілік аяқталды. Әрине, 90 жылдыққа арналған тартуымыз мұнымен шектелмейді. Алда әлі талай жарыстар күтіп тұр.
— Дәулет аға, талай додада топ жарып жүрген Астана қаласының динамолық спортшыларынан кімдерді атай аласыз?
— Бірден ауызға ілінетіні – Марина Вольнова. Ол жазғы Олимпиада ойындары тарихында алғаш ұйымдастырылған әйелдер боксында жасындай жарқырап, ел қоржынына қола медаль салып берді. Даңқты былғары қолғап шебері Қанат Әбутәліповтің де ерлігі ерекше. Құқық қорғау органдары арасында да талай жарыста ел мерейін асырып жүрген спортшыларымыз бар. Тіпті, қоян-қолтық ұрыстан 2013 жылғы әлем чемпионатында Астананың динамолық арулары бір күміс, бір қола медаль еншілеп қайтты. Бұл қыздарымыз «Динамо» спорт қоғамынан өсіп-өнген спортшылар. Осы жерде қоян-қолтық ұрыстан ашқан орталық өз нәтижесін беріп жатыр. Сонымен қатар, осы орталық аясында жыл сайын әр аймақтан құқық қорғау қызметкерлерін шақырып, семинар өткіземіз. Осы спорт түрінің қыр-сырын үйретеміз. Семинар біткеннен кейін қолдарына сертификат береміз. Олар сол сертификат арқылы өз аймақтарында қоян-қолтық ұрыстан тәлім бере алады.
Жалпы алғанда «Динамо» спорт қоғамының өрісі кең. Кезінде «Қайрат», «Локоматив», «Трудовые резервы», «ЦСКА» және «Динамо» спорт қоғамдары жұмыс істесе, қазір тек екеуі ғана қалды. Яғни, «ЦСКА» мен «Динамо». Бірақ, тәуелсіздік алған жылдан бері динамолық спортшылардың көрсеткен жетістігі ұшан теңіз. Керек десеңіз, соңғы Лондон Олимпиадасындағы жүлденің денін динамолық спортшылар алып берді. Біздің орталық бұқара халыққа керек екендігін, өзінің өміршеңдігін дәлелдеген спорт қоғамы.
— Сіз ҚР қоян-қолтық ұрыс федерациясының вице-президентісіз. Осы спорт түрінің елімізде даму деңгейі қандай?
— Бұл спорт түрі әсіресе Ішкі істер органдары күштік құрылым қызметкерлері арасында өте жақсы дамыған. Оның әдіс-тәсілдері сақшылар үшін қылмыскерлерді ұстау, өзінің дене дайындағын шыңдау жолында көп көмегін тигізеді. Ал осы жекпе-жек сайысының елімізде алғаш қанат жайып, дамуы жолында еңбек сіңірген адам ретінде Рүстем Абдалимов ағамызды айта аламыз. Биыл жетпіс жасқа толып отырған Рүстем Хакімұлы бұл спорт түрінің елімізде негізін қалаған адам. Сондай-ақ, Сабыржан Мәдібеков, Қанат Бүркімбаев және Виктор Филиппик сынды кісілердің де еңбегі зор. Жалпы бұқара халық арасында жекпе-жек ұрысын жолға қоюымыз керек. Дене дайындығы мықты, өзін қорғай алатын адам ғана елін қорғай алады.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан М. Мәліков