«Динамо» ДШСҚ спорт нысанында БҚО Ішкі істер департаменті мен «Динамо» спорт қоғамының облыстық бөлімшесі тәртіп сақшыларының отбасылары арасында «Көңілді старт» спорттық іс-шарасын өткізді. Отбасы күніне орай өткізілген бұл шара бірінші рет өткізіліп отыр. Ең жылдам, мерген және епті команда атану үшін 9 отбасы сынға түсті. Шара барысында ересектер мен балалар спорттың жеті түрі бойынша сайысты. Атап өтер болсақ: атудан, балық аулау, қол күресі, бопты айналдыру, қаппен жүгіру, доппен эстафета және арқан тартысы бойынша жарысты.
«Отабасы дегеніміз – қоғамның бір бөлшегі. Ынтымағы жарасқан жақсы отбасыда тәртіпті бұзатын немесе жанұясын ұятқа қалдыратын балалар өспейді. Сондықтан да Елбасы қыркүйек айының екінші жексенбісін Отбасы күні деп текке жариялаған жоқ. Осыған орай біз даярлық жұмыстарын жүргізіп, қызметкерлердің отбасылары арасында жарыс өткізіп отырмыз» — деді БҚО ІІД бастығының орынбасары Берік Үтеулин.
Жарыс кезінде балалар пневматикалық тапаншадан оқ атудан сайысты. Ең үздік мерген атағына «Айкөркем» (БҚО ІІД) командасынан Бекжан Сатыбалды лайық деп танылды. Бұл уақытта әкелер жағы өз күштерін қол күрестіру арқылы көрсетіп жатқан. Мұнда жеңісті «Айкөркем» (БҚО ІІД) командасынан Нұрлан Жанбуршиев жеңіп алды. Ал, әйелдер болса доп айналдырудан кім мықты екендігін анықтап жатқан. Бұл сайыста ең епті болып «Барыс» командасынан Жангүл Мусина атанды.
Сонымен жарыстың қорытындысы бойынша қаппен жүгіру мен доп эстафетасы бойынша «Барыс» командасынан Мусиндер отбасы жеңімпаз атанды. Балық аулау сайысы бойынша «Айкөркем» командасы үздік балықшы атағына ие болды. Сонымен жалпы есеп бойынша жеңіс пен кубок Мусиндер отбасына бұйырды, екінші орында – Құспаевтар жанұясы, үшінші орында – Қадірғалиевтар.
Барлық жеңімпаздар БҚО ІІД бастығынан мақтау қағаздары мен естелік сыйлықтарын алды.
Оксана Каткова, БҚО ІІД баспасөз қызметі