МЕРГЕНДЕР БАҚ СЫНАСТЫ

cсайт 1Орал қалалық ішкі істер басқармасының басшылығы жеке құрам арасында уақытпен санаспай қызмет сапынан табылатын сақшылардың әскери дайындық шеберліктерін шыңдау, салауатты өмір салтын насихаттау,  спортқа уақытылы көңіл бөлу мақсатында ауқымды іс-шаралар атқарып келеді. Волейбол, баскетбол, футбол, тоғызқұмалақ, шахмат пен шашка сынды ойын түрлерінің жеке құрам арасында кең тарағаны соншалық, жарыс бола қалса әрбір бөлімнен әп дегенде команда жасақталады. Осы сөзіміздің дәлеліндей, өткен аптада Батыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының тирында  әскери қарудан ату бойынша жарыс өтті. Жарысқа  құралайды көзден атқан мергендер қатысты, бірінен бірі мықты деп танылды. Сонымен, Орал қалалық ішкі істер басқармасының құрамында 3 спортшыдан жасақталған 20 командасы, барлығы 60 қызметкер белгіленген уақыт ішінде нысананы көздеп атып, оқты дәл нысананаға тигізді. Жарыстың басты мақсаты: полиция қызметкерлерінің қарумен атудан кәсіби шеберліктерін шыңдау, тәжірибе алмасу, салауатты өмір салтын насихаттау, үздік деп танылған спортшыларды  іріктеу боп белгіленді.

-Макаров тапаншасынан көздеп атудан басқарма қызметкерлері алдына жан салмайды. Жігіттер өз алдына қыздар да жарыс барысында  көп  ұпай жинап жүр. Мысалы, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшенің инспекторы, полиция капитаны Гауһар Ахметованың мергендігін атап өткен жөн. Басқармада апта сайын әскери–жауынгерлік дайындық сабақтары өткізіліп, лекциялар жазылады. Сақшылар сынақ тапсырып жүр. Соның да едәуір септігі тиетін шығар. Бүгінгі жарысқа  үлкен дайындықпен келген. Командалық және жекелей есепте жеңіске жеткендер сыйлықтармен марапаталады,-дейді Орал қ.ІІБ кадр жұмыстары бөлімшесінің бастығы, полиция каптаны Эрик Чигирев.

Сонымен, мергендер де анықталып, 103 ұпай санымен 1-орынды жедел сайт 2криминалистік бөлімшесі жеңіп алды. Кадр жұмыстары бөлімшесі қоржындарына 94 ұпай салып, 2-орынмен марапатталды. 3-орынды 86 ұпай жинаған әкімшілік полиция бөлімі иеленді.  Жекелей сында да үздік көрсеткішке ие болғандар бар. 46 ұпай жинаған Орал қ.ІІБ кадр жұмыстары бөлімшесінің аға инспекторы, полиция капитаны Нұржан Батанов 1-орынды жеңіп алды.  Жедел криминалистік бөлімшесінің инспекторы, полиция капитаны Қайрат Халелов 45 ұпай санымен 2-орын тұғырына көтерілді.  Орал қ.ІІБ бастығының орынбасары, полиция майоры Эльдар Хайруллин 43 ұпай жинап, 3-орынға ие болды. Жеңіске жеткен командалар мен қызметкерлер Орал қ.ІІБ мен «Динамо» спорт қоғамының алғыс хаттарымен, кубоктарымен, медальдарымен  және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

 Самиғолла Абдрахманов,

Орал қ. ІІБ кадр жұмыстары бөлімшесінің аға инспекторы