Александр Винакуров секілді саңлақ спортшының ізін басып келе жатқан велошабандоз, динамолық Алексей Луценко Азия ойындарында алтыннан алқы тағынды. Жекелей сында жасындай жарқыраған спортшымыз, қарсыласының барлығын шаң қаптырып, мәреге бірінші болып жетті.
Желмен жарысқан Алексей Луценко 42 шақырымды 50 минут 28 секундта жүріп өтті. Одан 33 секундқа қалып қойған қырғыз велошабандозы Евгений Ваккер екінші, ирандық Хоссейин Асқари үшінші орын иеленді. «Сары құрлық» бәсекесінің дәргейі өте жоғары екенін ескерсек те, бұл динамолық спортшы топ жарған алғашқы жарыс емес. «Астана» кәсіпқой командасының сапынан табылып жүрген ол, 2012 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы. Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында дүние есігін ашқан ол, бала кезінен осы спорт түрін жанынан серік етеді. Велошабандоздың ел мерейін асырған жеңісіне ел болып қуандық. Ал, Азия ойындарының чемпионына арнайы құттықтау жіберген Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов: «Бұл біз үшін баға жетпес сыйлық. Жерлесіміздің жеңісі отандық велоспорттың қарқынды дамып келе жатқанының көрінісі. Сондықтан қызығы мен қиындығы көп спорт биігінде табыстар тілеймін» деп, ақжарма тілегін жеткізді. Біз де «Динамо» ДШСҚ-ның атынан велошабандозды тамаша жеңісімен құттықтаймыз! Жарайсың, Луценко!